Мамин қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді
Мамин қазақ тілі әліпбиін латынға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді, деп хабарлады zakon.kz.
Үкімет басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібінің жобасы туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу жөніндегі алдағы жұмыстар туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов түсініктеме берді.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды.
Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.
Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.
«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.