ТҮРКІСТАН: «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
ТҮРКІСТАН: «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Айта кетейік, сайлау науқанының алдында облыста 320 депутаттық мандаттық орынға 631 адамнан тұратын партиялық тізім жасақталған болатын. Партиялық тізімі 74 пайызға жаңарып, кандидаттардың орташа жасы 40 жасты құрады. Үгіт-насихат кезеңінде партия үміткерлері 4000-ға жуық іс-шараға қатысып, 220 мыңдай үйді аралап шықты. Сайлаудың қорытындысымен облыста «Nur Otan» партиясы 81.84 пайыз дауыс жинап, облыстық мәслихаттағы 45 мандаттың 37-ін жеңіп алды.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 13 қаңтарда облыстық Саяси кеңес Бюросының отырысы өткізіліп, 37 мандатқа лайықты азаматтар таңдалды. Бюроның қаулысымен бекітілген кандидаттарымыз облыстық сайлау комиссиясында ресми тіркелді.
Бүгінгі партия фракциясы мәжілісінің күн тәртібіне сай Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы, тұрақты комиссиялар төрағалары, мәслихат сессиясының төрағасы лауазымдарына кандидаттарды талқылау туралы Бейсен Тәжібаев баяндама жасады. Ол партия филиалы төрағасы Ө.Шөкеевтің ұсынысымен партия филиалы бюросының шешіміне сәйкес, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы лауазымына Қайрат Балабиевтің ұсынылғанын хабарлады.
Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшілігіне «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың кандидатурасы ұсынылды. Фракция мүшелерінің бір ауыздан қолдауымен фракция жетекшісі болып сайланды.
Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының төрағалығына кімдер ұсынылғаны белгілі болды. Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына – Роллан Шерімовтің, аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына – Нұралы Әбішевтің, әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына – Алмас Салимовтың, мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссия төрағалығына –Өмірзақ Мелдехановтың кандидатуралары ұсынылды. Ал облыстық мәслихаттың сессия төрағалағына Нұралы Әбішевті сайлау жөнінде ұсыныс берілді.
Мәжілісті қорытқан облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясы атынан облыстық мәслихат депутаты мандатына ие болған азаматтарды құттықтады.
«Тұтас ел, партия бізге сенім артып отыр. Сондықтан мемлекет мүддесі жолында жергілікті атқарушы органдар мен халық қалаулылары ынтымақ пен бірлікте тығыз байланыста жұмыс істеулеріңіз керек. Біз шынайы отаншылдық пен бірліктің арқасында ғана елді өркендете аламыз», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі