ТҮРКІСТАН: 5 АУДАННЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА
ТҮРКІСТАН: 5 АУДАННЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА
2020-2021 жылдары Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Шардара, Сайрам аудандарының инфрақұрылымын дамыту басты назарда. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Бес ауданда қолға алынған жұмыстардың табысты жүзеге асуын өз бақылауына алған өңір басшысы Сарыағаш, Келес аудандарын аралады.
Сапарды Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес жұлдыз» бала бақшасының жұмысымен танысудан бастаған облыс әкімі 450 баланы тәрбиелеп отырған мектепке дейінгі білім мекемесінің ұжымымен сөйлесіп, құрылтайшысымен кездесті.
Бұдан кейін өңірдің ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай үлес қосып жатқан өнеркәсіптік жылыжай кешенімен танысты. Жібек жолы ауылдық округі, Зортөбе елдімекенінде орналасқан кешеннің аумағы – 12,85 га.
Озық технологияларды пайдалана отырып көшет өсіретін жылыжайда жылына 12 млн. дана көшет сатылымға шығарылады.
600 млн. тг инвестиция салынған нысанда кәсіпкер өз қаржы есебінен автоматтандырылған басқару жүйесі бар төбеден бүрку арқылы суғару әдісімен орталықтандырылған жылыту қазандығын орнатқан.
Мұнан соң Жарты төбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекеніндегі Келес өзенінің бойындағы көпірдің құрылысымен танысқан Өмірзақ Шөкеев ұзындығы 60 м ені 10 м. болатын жобаның сапалылығын тексерді.
Келес ауданына жасаған сапар барысында өңір басшысы Абай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен Т.Рысқұлов көшесінің жұмысымен және Қошқарата ауылдық округі, Жамбыл елді мекеніндегі № 29 жалпы орта мектебінің құрылысымен танысты.
Құрылысы былтыр басталған мектеп 2021 жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Атап өтейік, Түркістан облысы аудандары мен елді мекендерінің дамуына оң серпін беретін 67 жоба қолға алынған. 10 жоба Үкімет мақұлдауынан өтіп, 2021 ж. тиісті қаражат бөлінетін болды.
Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 40 млрд. теңге қаралып, 57 жоба іске асырылып жатыр. Ол қаржының 30 млрд. теңгесі биыл бөлінсе, 10 млрд. теңгесі келесі жылы осы жобаларды аяқтауға бөлінеді.
Аталған жобалар – әлеуметтік инфрақұрылымды құрайтын, ауылдық жерде мектеп, аурухана салу, жол тарту, газ құбырын қосу жұмыстарын жүргізуге арналған.
Былтыр облыс дамуының Кешенді жоспары бекітілгенде негізгі басымдық халық саны 1 миллионға жуықтайтын оңтүстік аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға берілсе, 2021 жылы Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Келес аудандарымен бірге Сайрам ауданын да дамыту көзделуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі