Шымкенттегі инвестициялық форумда 11 меморандумға қол қойылды
Шымкенттің шырайын арттырып, өркендету үшін бүгінде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта үшінші мегаполис адам танымастай өзгеретін болады. Бүгінгі «Shymkent Development-2018» халықаралық инвестициялық форумында қаланың дамуына қосақты үлес қосатын келісімдер жүзеге асырылды.
Аталмыш халықаралық инвестициялық форумда сомасы 200 млн. АҚШ долларды құрайтын 11 меморандумға қол қойылды. Олардың барлығы да ауқымды жобалар. Мегаполис әкімі Ғ.Әбдірахымов пен «Hyundai Trans Auto» ЖШС директоры В.Вяткин және «MAYDAY KAZKHSTAN» ЖШС-нің төрағасы А.Хидаят арасында үш жақты әріптестік меморандумы түзілді.
Оның аясында қалалық жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңғырту үшін 13 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынбақ. Бұл өз кезегінде шағым көп түсетін саланы сауықтыру үшін қолға алынып отыр. Бұдан бөлек, қалабасы «Colosseo» компаниясының президенті Ян Енча мырзамен Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 40 млн. АҚШ долларлық келісімге қол қойды.
Жоба бойынша стадион халықаралық стандарттарға сай жаңғыртылатын болады. Қала әкімі айтқандай алып стадионда Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік тумақ. Жоспарда стадион аумағында мейрамхана, фитнес клуб, қолайлы автотұрақтар орын теппек. Еліміздегі ең мықты стадионның бірі болады деп күтілуде. Стадионды жаңғырту жұмыстары 2020 жылы бітеді деген жоспар бар.
Шетелдік компаниялар Шымкентте микрофибра өндіретін тоқыма фабрикасын салмақ. Бұған қоса Шымкент-сити аумағында тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимарат, жаңа саябақтың салу секілді бірқатар ірі жобаларға инвестиция салынбақ.
Аз ғана уақыт аралығында Шымқала көркіне көз тоймайтын алып шаһарға айналмақ. Ол үшін қала әкімі командасымен бірге аянбай тер төгуге уәде етті.
Г. Жұмаш