ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Шымкентте жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Шым сити» шағынауданында орналасқан №135 жалпы орта білім беретін мектеп 1200 орынға арналған.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан салынған білім нысанымен танысып, ғимаратты аралап көрді.
Қала әкімі мектептің лингафонды кабинеті, бастауыш сынып, ер балаларға арналған технология кабинетімен танысты.
Сонымен қатар, шаһар басшысы жас шахматшылар ойынын тамашалады. Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы мектептің спорт залының жағдайымен танысты. Мектептің материалдық-техникалық базасымен танысқан қала әкімі мектептің Естелік кітабына қол қойды.
Мектеп ғимаратының құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Жоба құны – 1 млрд. 448 млн теңге. Құрылыстың бас жобалаушысы – «Көркем сәулет» ЖШС. Мердігер мекеме нысанды өз уақтында аяқтап, пайдалануға тапсырды.
Бүгінде мектептегі оқушылар саны – 720. 3 гектар аумақты алып жатқан мектеп асхана, спорт зал, медициналық пунктпен жабдықталған. Компьютер саны – 172 дана. Мектепке бүгінде ұлағатты ұстаз Берікбай Михеев жетекшілік етеді.
Айта кету керек, Шымкентте биыл жыл соңына дейін бірқатар білім ошақтарының құрылысын аяқтау жоспарланған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі