ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ АЛҒАШҚЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ТҮРКІСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ АЛҒАШҚЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Түркістанда Hazret Sultan Airport-ы өз жұмысын бастады. 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні халықаралық әуежай Air Astana ұлттық әуе компаниясының құрамына кіретін FlyArystan әуеакомпаниясының Нұр-Сұлтан – Түркістан бағыты бойынша бірінші рейсін қабылдады. Тарихи сәтті облыс басшылығы, БАҚ өкілдері мен жолаушылардың туған-туыстары тамашалады.
«Бүгін біз Түркістан халықаралық әуежайына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне тұспа-тұс келген алғашқы рейстің орындалған тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы да қаладағы туризм саласының қарқынды дамып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз», – деді салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары алдағы уақытта Түркістаннан Нұр-Сұлтанға аптасына алғашқы этапта 6 рейс, Алматыға аптасына 4 рейс жиілікпен FlyArystan, Scat және Qazaq air әуекомпаниялары әуе рейстерін орындайтын атап өтті. Еліміздің өзге қалаларына, шет елдерге, соның ішінде Түркияның Ыстамбұл қаласына әуе рейстерін ашу жоспарланған.
«Түркістан – бұл жыл сайын мыңдаған туристер келетін Қазақстанның рухани астанасы. Жаңа Hazret Sultan Airport-ы ашылып, қауіпсіз және заманауи FlyArystan ұшақтарымен әуе қатынасының басталуымен ұлы Жібек жолының көрікті жерлеріне қатынау қолжетімді болды. Біз туристердің жиі саяхаттап, Қазақстанның таңғажайып мұраларын ашқанын қалаймыз», – деді инагурациялық рейспен Түркістанға ұшып келген Air Astana президенті Питер Фостер.


5 желтоқсаннан бастап Алматыдан әуе қатынасы ашылады. Нұр-Сұлтан қаласына әуе билетінің құны 6999 теңгеден, Алматыға 5999 теңгеден басталады. Халықаралық әуежай сағатына 450 жолаушыны қабылдап, жылына 3 млн. жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайдың ұшу-қону жолағының параметрі барлық әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бірінші бой көтерген заманауи әуежайға авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда ИКАО мен ИАТА-ның кодтары берілген. Жаңа әуежай түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласын әлемнің ірі қалаларымен жалғастыратын байланыс желісіне айналмақ.

Айта кетейік, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекциялық комиссиясы Түркістан қаласының әуеайлағына сертификаттық тексеру жүргізді. Инспекторлар ұшу алаңын, өндірістік базаны, әуежай персоналының жасақталуын, әуежайды жарақтандыруды, техникалық база мен жабдықты сертификатталуын, әуеайлақ басшылығын және барлық қызметтер мен жабдықтардың құжаттамасын зерттеуден өткізді. Осылайша әуеайлақтың жарамдылығы сертификатын алған Түркістан әуежайы барлық талапқа сай деп танылып, ішкі және халықаралық рейстерді, соның ішінде жүк тасымалдау рейстерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *