Мақтааралда жылына 6 мың тоннадан астам жіп өндіретін фабрика іске қосылады
Мақтааралда жылына 6 мың тоннадан астам жіп өндіретін фабрика іске қосылады
Мақтааралда жылына 6 мың тоннадан астам жіп өндіретін фабрика іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі артып келеді. Мәселен, өткен жылы өндірілген өнімнің жалпы құны 3,2 млрд теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш едәуір артып, 12,5 млрд теңгеге жеткен.
Шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында Мақтаарал ауданында биыл жалпы көлемі 6,7 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 191 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделіп отыр. Жобаның бірі – Түркиямен бірлесіп жүзеге асырылатын жіп шығаратын фабриканың құрылысы. «Tulpar Texstill» ЖШС-на қарасты өндіріс орны 2020-2021 жылы іске қосылады. Кәсіпорын 6 600 тонна жіп өндіре алады және 143 адамды жұмыспен қамтиды. Бұдан басқа, Германия елімен бірлесіп, жеміс-жидекті және бақша дақылын кептіру және жеміс-жидек мармеладын өндіру жобасын 2020-2021 жылдары іске асыру жоспарланған.
Ауданда 10 536 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның басым көпшілігі «Ырыс»шағын несие ұйымынан, Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры, «Жетісай несие» және Агро несие корпорациясынан соңғы 9 айдың өзінде жеңілдетілген пайызбен 550 млн теңгеден астам қаражат алған. Аймақта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 3 мыңнан астам азаматқа тегін кеңес беріліп, сервис қызметі көрсетілген. Сондай-ақ, азаматтардың кәсіптік сауатын арттыру үшін «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 299 азамат арнайы білім алды.