Желіде «салық төлеуді ұмытып кеткен әкімдердің» тізімі жарияланды
Желіде «салық төлеуді ұмытып кеткен әкімдердің» тізімі жарияланды
Әлеуметтік желіде жер мен мүлікке «салық төлеуді ұмытып кеткен» әкімдердің тізімі пайда болды. Қаржы министрлігі жағдайға түсінік берді, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың мемлекетке қарыз екені Telegram-дағы PROTENGE каналында жарияланды.
Tengrinews.kz редакциясы әкімдердің баспасөз қызметіне хабарласты.
Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ал Түркістан облысының әкімдігі Өмірзақ Шөкеевтің қарызы жоқ екенін, бұл техникалық қате болуы мүмкін екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімдігі Бердібек Сапарбаевтың салық төлегенін атап өтті.
Қаржы министрлігі болған жағдайға қатысты түсінік берді. Олардың мәліметінше, әкімдер салықты белгіленген мерзімнің соңғы күні төлепті.
«Техникалық қате болған жоқ. Олар кеше төледі. Тиісті қаражат бірден жеке шоттарға түсті. 2019 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі — 1.10.2020», — дейді министрлік қызметкерлері.
https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/jelde-salyik-toleud-umyityip-ketken-akmderdn-tzm-313750/