«Жүздеген жылқы қырылды»: Қызылорда облысында тараған аурудың себебі анықталды 

Тұрғындар бұл жағдайды ескеріп, мемлекет өтемақы беруі керек екенін айтты. Олар солтүстікте қырылған құстарға өтемақы беріледі дегенді алға тартып отыр

 Қызылорда облысының шаруалары жүздеген жылқының белгісіз аурудан қырылып жатқанын мәлімдеді.

Байкенже ауылының тұрғыны Қанетбек Кембайдың айтуынша, тамыз айынан бері 200 жылқы қырылды. Бірақ үй жануарының неден өліп жатқаны белгісіз, деп хабарлады  Sputnik. кз.  «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап. 

«Біздің мал өсірумен айналысқанымызға 50 жыл болды. Бірақ мұндайды бірінші рет көріп отырмыз. Жылқы он күндей ауырып, жем-шөп жемей қояды. Бір қызығы, айғыр ауру малды табынға жақындатпайды», — дейді Кембай.

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Әбдіманап Әкімбек мемлекет тарапынан өтемақы берілуі керек деп санайды.

«Солтүстік облыстарда қырылған құстың өтемақысын береді дейді. Бізге де осындай көмек берілсе, жақсы болар еді. Өйткені қырылған мал көп. Бір үйде 20-30 жылқыдан, ондай отбасылар аз емес», — деді Әкімбек.

Ал ветеринарлық қызметтің мамандары жылқының қырылғанына адамдардың өздері кінәлі деп отыр. Мамандар үй жануарының өліміне себеп болған ауруды да анықтады. Ол – гастрофилез. Оны асқазанға түсетін бөгелек құрты қоздырады. Бұл жәндік далада жүрген жылқының ішіне тез түседі.

«Биыл күн ыстық болды, жаңбыр жауған жоқ. Ондайда малды күтіп ұстаудың өзіндік тәртібі бар. Мәселен, жылқыны күндіз емес, кешке қарай бағу қажет. Сосын дезинфекция жасап отырған жөн. Жылқыны тазалап, жуып тұру қажет. Сонда құрт-құмырсқа жабыспайды», — деп атап көрсетті Жаңақорған ауданының ветеринарлық станциясының директоры Марат Қазыбаев.

Бүгінде гастрофилез ауруы Қызылорда облысының төрт ауданында тіркеліп отыр. Әкімдік жұмыс тобын құрып, соның аясында барлық мәселені талқылауды көздейді. Соның ішінде өтемақы төлеу жайы да бар.

https://sputniknews.kz/regions/20201001/15100567/jylqy-qyzylorda-oblysy.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *