2020 жылдың соңына дейін халық саны 250-ден асатын ауылдар сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі — Б. Мусин

2020 жылдың соңына дейін халық саны 250-ден асатын ауылдар сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі — Б. Мусин

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы – бірінші вице-министр Бағдат Мусин Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру бойынша цифрландыру бөлігінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады,деп хабарлады үкіметтің баспасөз орталығы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қол жеткізуді және барлық азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды.

Б. Мусин бүгінгі таңда қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша екі жоба іске асырылып жатқанын атап өтті, олар: ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және интернетке мобильді кеңжолақты қосылу, олар осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл 250-ден астам тұрғыны бар барлық ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ байланыс сапасын арттыру үшін мынадай шаралар қабылданады:

байланыс сапасының параметрлері айқындалады;

интернет сапасы бойынша деректерді тіркеуге және беруге мүмкіндік беретін Халықтық бақылау құралы енгізіледі;

байланыс операторларына қойылатын талаптарды арттыру бойынша бірқатар басқа да заңнамалық түзетулер пысықталады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы жолдауында жыл соңына дейін аса сұранысқа ие анықтамалар мен қағаз растауларды алып тастауды, ақпаратты цифрлық растауды қамтамасыз етуді тапсырды. Халықтың электрондық сервистермен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін мемлекеттік қызметтер деңгейінде және жеке бизнесте биометрияны кеңінен қолдану қажет екендігі атап өтілді.

Б. Мусиннің айтуынша, ҚР ЦДИАӨМ қызмет алушылардың Egov-та бір қадам арқылы тіркелуін жүзеге асыруда. Бұл қолданушыларға биометриялық сәйкестендіруден өтіп, кез-келген қызметке қол қоюға мүмкіндік береді.

«Соның нәтижесінде, көптеген адамдар Еgov қызметтерін пайдалана алатын болады. Онлайн-коммерциялық қызметтерді дамыту үшін бизнеске де сенімді биометриялық құрал ұсынылады. Азамат пайдаланушы болғаннан кейін цифрлық құжат қызметін қағаз құжаттармен тең қолдана алады», — деді министрдің м. а.

Жыл соңына дейін жүргізуші куәлігін, көліктің техникалық төлқұжатын, азаматтың төлқұжатын, жоғары білім туралы дипломды, студенттік билетті, сақтандыру полисін шығару жоспарлануда.

Сондай-ақ жыл соңына дейін 30-ға жуық сұранысқа ие анықтама алып тасталады. Шынайылықты растау QR кодты оқу арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Б. Мусин Қ. Тоқаевтың айтуынша, жаңа деңгейге шығуы тиіс «деректермен» жүргізіліп жатқан жұмыс туралы толығырақ айтып берді.

«Біз бір жыл ішінде эталондық деректердің бірыңғай архитектурасын әзірлейміз. Smart Data Ukimet мемлекеттік органдардың ведомствоаралық талдау жүйесі ретінде жетілдіріледі. Ақауға төзімділікті қамтамасыз ету үшін біз «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы тұлғасындағы деректер операторының инфрақұрылымында ақпараттық жүйелерді шоғырландыруды жалғастырамыз. Аталған мақсаттар үшін мемлекеттік дата орталықты дамыту ұсынылады», — деді Б. Мусин.

ҚР ЦДИАӨМ талдауы көрсеткендей, отандық АТ-өнімдер мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардағы халықаралық аналогтарды жылына 56 млрд теңгеге алмастыра алады. Ол үшін сенімді отандық бағдарламалар тізілімінің тетігі бар. Бұл тізімнен сатып алу басым тәртіппен жүргізілуі тиіс. Ал басқа жекеменшік нарықтарда отандық АТ-өнімдердің әлеуеті 142 млрд теңгені құрайды.

«Осы сандарға қол жеткізу үшин бізге оффтейк контракттар, несиелер алуға кредиттік гарантиялар және тағы басқа құрал түрлерін дамыту қажет. Аталған нәтижелерге қол жеткізген соң шетелдік нарыққа да шығуға ұмтылатын боламыз», — деді Б. Мусин.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда бес жыл ішінде майнинг индустриясы мен дата-орталықтарға салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізу керектігін атап өтті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 майнинг фермасы жұмыс істейді (620 МВт тұтынатын). Сондай-ақ 4 ферма (450 МВт жуық) салынып жатыр. Бұл салаға 80 млрд астам теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда тағы да 300 млрд теңгеге инвестиция тарту бойынша алдын ала келісімдер бар. Ал 2025 жылға қарай инвестиция көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрауы жоспарлануда. ҚР ЦДИАӨМ осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды ары қарай жалғастыруды көздеп отыр.

https://primeminister.kz/kz/news/2020-zhyldyn-sonyna-deyin-halyk-sany-250-den-asatyn-auyldar-sapaly-internetpen-kamtamasyz-etiledi-b-musin-282547

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *