ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕН ЖАҢА ҮМІТ СЫЙЛАДЫ
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МЕН ЖАҢА ҮМІТ СЫЙЛАДЫ
Президентіміздің бүгінгі елге жолдаған жаңа Жолдауы көп жылғы өмір тәжірибесінен алынған, даналы ойдың жемісі, игі істердің нәтижесі деп білемін.
Жолдау әлеуметтік жағдайға тоқталып, денсаулығымызды сақтауға, бұқаралық спортпен айналысуға, қаржылық сауаттылықтарымызды арттырып, қолжетімді сапалы білім алуға, экологияны жақсартып, айналамызды көгалдандыруға, жалпы бақытты күндерге бастап, жарқын өмірге жетелейтін бағыт болды. Осынысымен де менің көкірегіме қуаныш, мақтаныш сезімін ұялатып отыр.
Жолдау әсіресе сәби аңсаған отбасыларға үміт беріп, ЭКО жасатқысы келген жұптардың санының 7 есеге дейін өсетіндігі еліміздің демографиясына өз үлесін қосатындығы қуантты.
Жинап отырған зейнетақы жарналарымызды үй немесе ем алуға, болмаса білім алуға жұмсауға болатындығы қуантады.
Өйткені бұл ғасыр – адамның бар мүмкіндіктерін дамытатын ғасыр. Сол себепті де білім мен ғылым саласына, денсаулық сақтау саласына, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға, агрокешенді дамытуға баса мән берілгені – Жолдаудың басты ерекшелігі деп ойлаймын. Өзіміз дамитын, елімізді дамытатын үлкен мүмкіндік туып отыр.
Мен саясаткер, немесе танымал қоғам қайраткері емеспін. Мен тек қана қарапайым еңбек ардагерлерінің бірімін, көп баланың анасымын. Сондықтан да өзім сияқты аналардың көңілдеріне жылы шуақ ұялатып, кемел келешекке деген сенімін ұлғайтқан жаңа Жолдаудан үлкен үміт күтіп отырғанымызды айтқым келеді.
Әлима Темірбекова, зейнеткер