Түркістан облысы Мәдениет басқармасының экс-басшысы 7 жылға сотталды
Түркістан облысы Мәдениет басқармасының экс-басшысы 7 жылға сотталды
Түркістан облысы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауына қарағанда, 2020 жылы 27 шілдеде Түркістан қалалық сотының үкімімен Түркістан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Н.Е. Исабек және осы басқарманың бөлім басшысы Д. Абдуллаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Исабек Түркістан облысының «Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы» МҚКК-ға басшы лауазымына тағайындау үшін делдал Д. Абдуллаевадан 700 000 теңге пара алды деген күдікпен ұсталды», — деді онлайн-брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров.
Сондай-ақ, 2020 жылдың 30 шілдесінде Түркістан облысы Келес аудандық сотының үкімімен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б. Құрманалиев сотталды және оған 12 миллион теңге айыппұл салынды.
«Ол Жамбыл ауылдық округінің аумағында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жер учаскесін беру туралы мәселені шешкені үшін 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді», — деді Бигайдаров.