Қызылорда тұрғыны коронавирус пен пневмонияның «емін» тапты
Қызылорда тұрғыны коронавирус пен пневмонияның «емін» тапты
Қызылорда тұрғыны коронавирус пен пневмония жұқтырғандарды «емдеудің» ерекше әдісін тапты, — деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тұрғынның «емдеу» әдісінің видеосы жарияланды. Оны Facebook-тегі парақшасына Жазира Бегалы жүктеді. Оның айтуынша, желіде «емшінің» жарнамасы жарияланыпты.
«Қызылорлық емші барлығын пневмониядан жазуға уәде беріп отыр. Адамдар оның аяғына жығылып жатыр. Алғашында барлығы зінбір, лимон, қойдың майы үшін төбелессе, қазір олар емшілерге барып жатыр», — деп жазды Жазира Бегалы.
Видеодан бірнеше адамның етпетінен жатқанын көруге болады. Белгісіз әйел адам емделуге кеше келгенін, бүгін жөтелі басылғанын айтады.
«Түні бойы ыстығым көтерілді. Мен хабарландыру көріп, осы адамға келдім. Интернетте ол кісі туралы жағымсыз пікірлер бар екен. Ол емдеу үшін көп ақша сұрайды. Сіздерден сұрайын «Ол көп ақша алып жатыр ма?», — дейді әйел.
Алайда видеодағы адамдар мұны жоққа шығарады. Кейін белгісіз әйел видеоға «емшінің» өзін түсіреді. Ол адамдардың аяғы мен арқасын ұйқалап, пневмониядан жазатынын айтады. «Емші» Қазақстан тұрғындарын өзіне келіп, емделуге шақырады.
Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл факті бойынша полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін, қазір «емші» адамдарды қабылдамайтынын жеткізді.
«Қызылорда облысында әлеуметтік желіде өзін емшімін деп жариялаған адамның видеосы тарап жатыр. Ол адамдарды коронавирус және пневмониядан емдейтінін айтады.
Жергілікті полиция видеодағы ер адамның қайда тұратынын анықтады. Онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оған келген адамдарды үйіне жіберді.
Егер ер адам карантин талабын қайта бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны қатаң түрде ескертілді.
Қазіргі таңда бұл мекенжайға адамдар келіп жатқан жоқ», — делінген хабарламада.