Министрлік шілде айының соңына дейін кімдердің шотына 5500 теңге түсетінін айтты
© Sputnik / Абзал Калиев.
Азық-түлікке төленетін ақшаны бес әлеуметтік топқа жататын азаматтар алады, төлем шілде айының соңына дейін жіберіледі
НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Бір миллионнан астам қазақстандықтың шотына азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін 2 АЕК (5556 теңге) мөлшерінде ақша аударылады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақша төлеуді көздейтін бұйрық әзірлеп, қабылдады.
«Осы жылдың 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін қазақстандықтардың банк картасына төлем жіберіледі», — делінген ведомствоның ресми сайтында.
Азық-түлікке төленетін ақшаны 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар алады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде тізім жасайды. Содан кейін шілде айына төлем алушыларға 2 АЕК (1 АЕК – 2778 теңге) немесе 5556 теңге мөлшерінде қаражат жіберіледі.
5 әлеуметтік топ:
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
- медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
- мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
- жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар.
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, биыл наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлем 1 миллион адамға беріліп, жалпы сомасы 13,5 миллиард теңгені құрады.
https://sputniknews.kz/society/20200720/14518095/5500-tenge-audarylady.html