Түркістанда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі анықталды
Түркістанда дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі анықталды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев бастаған жедел топ Түркістан қаласында орналасқан дәріханаларға арнайы барып, дәрілік заттардың баға тұрақтылығына және сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жеткізілу деңгейіне зерделеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Мониторингтік жұмысшы топтың құрамына Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен Арнайы мониторингтік топ мүшелері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты. Жүйелі жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында дәріхана ұйымдарында дәрі-дәрмектерінің жетіспеушілігі анықталды. Мәселен, «ИП Ербұлан», «ИП Джапақов» дәріханаларында сұранысқа ие дәрілік заттардың, соның ішінде цеф ІІІ, парацетамол, азитромицин, ингаверин, меропенем, аскорбиновая кислота, цефамед, дексаметазон жоқ болып шықты. Сондай-ақ, түркістандық дәріханаларға Алматы қаласынан 136 түрлі аса қажетті дәрі-дәрме әкелінгендіктен, бірқатар дәріханаларда науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмек түрлерінің бар екендігі де белгілі болды. Дәріханалардағы баға өсіміне мониторинг жұмыстары Кентау қаласында да жүргізіліп, нәтижесінде «Балабиева и К» дәріхана ұйымының дәрілік заттарды бекітілген шектік бағадан өсіргендігі анықталды. Бұл заңбұзушылық дерегі бойынша дәріхана иесі заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетсек, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен әр күн сайын облысқа қарасты дәріханаларға мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
https://www.inform.kz/kz/turkistanda-dari-darmektin-zhetispeushiligi-anyktaldy_a3672149