Елімізде қатаң карантин режимі қайта енгізілуі мүмкін
Елімізде қатаң карантин режимі қайта енгізілуі мүмкін
Автор: Қаламқас Төре
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияға наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша ұсынысты әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ
«Пандемиямен күрес жөніндегі барлық шешімдерді, оның әлеуметтік және экономикалық теріс әсерлерін жоюды премьер-министр басшылық ететін тиісті мемлекеттік комиссия аясында пысықтауды тапсырамын. Мемлекеттік комиссия ең маңызды деген ресурстардың таралуын бір орталықтан бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.
Қазіргі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдау мақсатында мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша маған ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырамын», – деді президент.
Еске сала кетейік, бүгін Ақордада мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді.
Жиын барысында президент жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа ескерту, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялады.
Сонымен қатар Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін жеткізді.
https://kaz.nur.kz/1862655-kazakstanda-kata-karantin-kajta-ksine-enui-mmkin.html