Ақтөбе әкімі алты айлық бүлдіршінді алдап кетті
Ақтөбе әкімі алты айлық бүлдіршінді алдап кетті
Кезінде сүйіншілетіп, жарыса сұхбат берген атқамінерлер кейін Әлинұр туралы ұмытып кетті.
Қала тарихында аты жазылған Әлинұр бала туралы шенділер ұмытып кеткен сияқты. Ол отбасымен көпқабатты үйдің қоймасында тұрып жатыр. Ал әкесі болса, «Әу баста-ақ басыбайлы баспана бере қояды дегенге күмәнмен қарап едім, ипотеканың өзіне жете алмай отырмыз ғой», — депті тілшіге.
Алты айлық бүлдіршін де де бұл куәліктің өзіне бекер берілмегенін сезетін сыңайлы. Оны сол кезде қала әкімі болған Мавр Абдуллиннің өзі перзентханаға барып тұрып табыстаған еді. Куәлікте Әлинұр Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны екені жазылыпты. Ол Тәңірберген мен Эльвираның төртінші перзенті. Сол кезде сүйіншілетіп, жарыса сұхбат берген атқамінерлер кейін Әлинұр туралы ұмытып та кеткен сыңайлы.
Эльвира Досқали, анасы:
«Бүкілі жазды, көрсетті әр жерде, ТВдан журналистер келді. Газетке жазған 2020 жылдың наурыз айынан бастап кілт табысталады деген «Бақытты отбасымен».
Отбасының көпқабатты үйдің қоймасында тұрып жатқандарына 12 жылға жуықтапты. Қуықтай жерді Тәңірберген мүмкіндігінше ыңғайлап қойған. Тозығы жеткен құбырларын жөндеп, дәретхананы да өз қолымен орнатқан.
Біреуге қол жайып, көрінегеннен көмек сұрауды ар санайтын жас жұбайлар барға қанағат етеді. Тіпті сұхбат барысында да «ешкімнен ақша сұрамаймыз, тегін ештеңе керек емес» дегенді қайталаумен болды.
Тәңірберген Ділмағамбетов, әкесі:
«Тегін үй сұрамаймын үкіметтен, тегін беріңдер деп. Қажет емес. 20 жылға берсін кредитке. Төлеуге дайынмын. Тек келіншегімнің атына аударып берсе деп едім. Мен өз атыма келмейді, менің қарыздарым бар».
Отағасы жеке кәсіпорында көлік жүргізеді. Эльвира бала күтімімен үйде отыр. 120 мың теңге табыс күнделікті ас-судан, кезінде қажеттеріне алған несиеден артылмайды екен. Дегенмен, көпбалалы отбасы мемлекеттік бағдарламаға ілігіп, баспаналы бола алады, деп үміттендірді тұрғын үй бөліміндегілер.
Жанаргүл Дүйсекенова, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
«Мына отбасы бағдарламаға қатысқан жоқ. Алдағы уақытта қатыса алады. Осы отбасының ерлі-зайыптыларының төлем қабілеттілігі банк арқылы тексеріледі».
Ақтөбе бойынша баспана кезегінде 24 мың адам тұр. Ал былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 400 жанұя үйлі болыпты.
https://kaz.zakon.kz/5027078-a-t-be-k-m-alty-ayly-b-ld-rsh-nd-aldap.html