Арал брендтері көрші елдерді жаулап жатыр

Арал брендтері көрші елдерді жаулап жатыр

Биылдан бастап су маржаны тұздалып, кептірілген күйде экспортталуда.

Арал брендтері көрші елдерді жаулап жатыр

09 Маусым 2020 18:59 1108 Автор:Нұрбек Дәуренбеков

Карантин режиміндегі Арал ауданында блок-бекеттер алынған жоқ. Кіріп-шығу шектелген. Дегенмен, бұл сақтық шаралары аудандағы өндіріс орындарына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ. Теңізді өлкенің бренді саналатын балығы мен ас тұзы өңделіп елімізден бөлек көршілес мемлекеттерге экспорттталуда. Ал жыл соңына дейін «Аралтұз» АҚ-ы Испан технологиясымен жабдықталған үшінші зауытты іске қосуды жоспарлап отыр.

«Арал сервистік дайындау орталығы» жаңа цех ашып, балықты өңдеу жұмыстарын қолға алған. Зауытта бұған дейін торта, алабұға сияқты майда балықтар Ресейге қатырылып, мұздатылған күйде жіберілетін. Ал биылдан бастап су маржаны тұздалып, кептірілген күйде экспортталуда.

«Бүгінгі таңда осы цехтың арқасында балықты өңдеп, кептіріп Ресей мемлекетіне өткізіп жатырмыз. Өңделген балықтың бағасы 2-3 есе қымбат болып тұр. 1 мамырдан бастап 10 маусымға дейін балық ауламайтын кезең, сол себептен балықшыларымыз қазір демалыста. Ал балық өңдеушілер жұмыс істеп жатыр. Себебі, біз көктемде 200 тонна балық жинап алғанбыз, осы балықтардың арқасында жұмыс күші тоқтамай тұр» – дейді «Арал сервистік дайындау орталығының» директоры Әділбек Әйімбетов.

Бүгінде Арал ауданында еврокод белгісі бар балық өндейтін 4 зауыт болса, соның бірі «Арал сервистік дайындау орталығы». Өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттайтын болғандықтан мұңда санитарлық тазалық шарасы қатаң сақталады. Қызметкелердің барлығы қорғаныш құралдармен қамтамасыз етілген. Өндіріс орнында көксеркеден бөлек алабұға мен сазанның да жұлын еттері Польша, Грузия, Германия мемлекеттеріне жіберіліп жатыр.

Ал, «Аралтұз» зауыты жыл басынан бері 170 мың тонна тұз өңдеп, алыс жақын шетелдерге шығарған. Санитарлық талаптарды қатаң сақтап отырған зауыт жұмысшылары тәулік бойына кезекшілікпен жұмыс істейді.

Ірі өндіріс ошағында 1116 адам жұмыс жасайды. Зауытқа жақын Жақсықылыш кентіндегі тұрғындардың барлығы да дерлік осы зауыттан жұмыс тапқан. Жұмысшылар тіпті аудан орталығынан да келеді. Оларға арнайы көлікте қарастырылған. Зауыт басшылығы төтенше жағдай кезінде ешқандай қысқарту болмағанын айтады. Жұмысшылардың да жалақысы уақытылы беріліп жатыр екен.

«Карантин кезінде ешқандай қысқарту, жұмысты тоқтату процесі болған жоқ. Жұмысшылар айлығы уақытылы берілуде. Орташа жалақы 75-80 мың теңге аралығында. Былтыр 460 мың тонна тұз өндіріліп сатылды. Биылда осы жоспар үдерісінде жұмыс істеудеміз. Бүгінде үш цех үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Йодталған тұздың бәрін біз тек қана Қазақстанға тасымалдаймыз. Себебі ел тұрғындарында йод жетіспеушілігі бар. Ал йодталмаған және йодталған тұзды Ресейге жібереміз, – дейді «Аралтұз» АҚ өкілі Ғани Сисекешов.

Тұз қазу науқаны сәуір айынан басталып, бүгінге дейін 170 мың тонна ақ алтын қазылып өңделген. Отандық өнім Қырғызстан және Ресейге экспортталады. Зауытта ас тұзынан бөлек мал азығына қажетті брекеттелген тұзда шығады. Бұл өнім ауылшаруашылық саласында жоғары сұранысқа ие. Жыл соңына дейін осында тағы бір зауыт іске қосылмақ.

«Үшінші завод қазір салынып жатыр, оның қуаттылығы айына 10 мың тонна ас тұзы. Толық жұмыс күшіне желтоқсан, қаңтар айында қосылады деп межелеп отырмыз. Тұзды Испан технологиясымен өндіретін болады. Қосымша 300 адамды жұмысқа аламыз», – дейді Ғ.Сисекешов.

Теңіз төскейіндегі Арал өңірі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған тарихи мекен. Киелі топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Арал бүгінде теңізі мен су маржаны, ақ алтыны – ас тұзымен әлемге әйгілі. Негізінен ата кәсіп – балық және мал шаруашылығы кеңінен қанат жайған. Ауданда ас тұзының, тевардит, мерабилит және шыны өндірісіне қажетті кварц топырағының мол қоры бар.

Сондықтан аралдықтар қашанда қос бренді – балық пен тұзымен мақтанады. Ендігі жерде Аралдың түйе сүті де осындай бренд ретінде қалыптаспақшы. Өйткені, түйе сүтін өндіру бағытында өңірлік индустрияландыру картасына және индустриялық аймаққа жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнімді өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасы іске асуда. Нұрбек Дәуренбеков

https://inbusiness.kz/kz/news/aral-brendteri-korshi-elderdi-zhaulap-zhatyr

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *