Кентауда ауыл тұрғыны мас күйінде зираттағы садақа жәшігінен ақша ұрлаған
Кентауда ауыл тұрғыны мас күйінде зираттағы садақа жәшігінен ақша ұрлаған
Түркістан облысының полицейлері садақа жәшігін ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлады ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан қалалық полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны арызданып, таңғы уақытта белгісіз біреу ауылдық мешіттің садақа жәшігіне ұрлыққа түскенін жеткізді.
Оқиға орнына шұғыл жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, ұрылар ашық тұрған есікті пайдаланып, мешітке кіріп, садақаға арналған металл жәшігін ашып, ішінен ақша ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Түркістан қалалық ПБ полиция қызметкерлері мешіттегі ұрлыққа қатысы бар күдіктіні құрықтады. Ол Шардара ауданының тұрғыны болып шықты.
Күдікті полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осыған ұқсас тағы бір қылмысты Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері ашты.
Кезекші бөлімге іргелес жатқан ауыл тұрғыны шағым түсіріп, жергілікті зираттан бейтаныс адам садақа жәшігінен ақша ұрлап кеткенін жеткізген.
Оқиға орнына жеткен Кентау қалалық ПБ жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті. Ұрылар барлығы 12 мың теңге көлемінде ақшаны алып кеткен.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тіркеліп, полицейлер күдіктіні іздестіруге кірісті. Кентау полицейлері күдікті ретінде аталған ауылдың тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында ер адам мас күйінде түнгі уақытта зират аумағына кіріп, садақаға арналған жәшікті ашып, ішінен ақша алып, одан кейін қылмыс орнынан бой тасалап кеткені анықталды.
Айғақ ретінде күдіктіден ұрланған ақша алынды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам қолхатпен босатылды.
Полиция қызметкерлері ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Түркістан облысының полицейлері қырағы болып, мүлікті қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Бағалы заттар ұрланған немесе жоғалған жағдайда тез арада «102» телефоны бойынша полиция көмегіне жүгіну керек.