ТҮРКІСТАН: ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕР 15 МАУСЫМНАН БАСТАП ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕР 15 МАУСЫМНАН БАСТАП ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Түркістан облысының бас мемлекеттік санитар-дәрігерінің жаңа қаулысы негізінде біршама шектеулер жеңілдетіліп, әлеуметтік нысандар іске қосылуда. Мәселен, биыл лагерьлерге оқушыларды қабылдау 15-30 маусым аралығында басталады деп жоспарлануда.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлім етті.
Оның айтуынша, биылғы жаз мезгілінде қала сыртында 23 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарланған. Оның ішінде 8-і мемлекеттік, 15-і жеке меншік. Биыл облыс бойынша 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны – 416 086 оқушыны құрайды. Өңірдегі 23 сауықтыру лагері 32 мыңнан астам баланы қабылдайды.
«Түлкібас ауданындағы «Самал»лагерінде облысымыздағы 5 балалар үйінің жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 250-ге жуық тәрбиеленушілері жаз бойы демалады. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай орын алған елді мекендердегі 820 оқушы 15 күннен жазғы демалысқа барады. Олар «Балдәурен-Қапшағай» және «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауықтыру орталығына, «Сарыағаш» балалар санаторийіне, аудандардағы «Балдәурен», «Қазығұрт», «Бәйшешек», «Еркежан» сауықтыру лагерьлеріне барады», — деді Рақымбек Қуатбекұлы.
Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстағы балабақшалар тек ата-аналардың сұранысы мен өтініші негізінде іске қосылатынын айтты.
«Биыл облыста 2020 жылдың 20 наурызына  дейін 1447 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеді. Оның ішінде 1271 балабақша, 176 мемлекеттік шағын орталық. Онда 1-6 жастағы 153 296 бала тәрбиеленуде. Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың үлесінің 69%-ы жекеменшік. Қаулынының №9 қосымшасында мектепке дейінгі ұйымдарда ата-анасының міндетті жұмыста болуы шарт және балаларына қараушысы жоқ отбасылар үшін жұмыс істейтін кезекші топтарды ашу және кезекші топтармен жұмыс жасау алгоритмі көрсетілген. Сондықтан балабақшаларда кезекші топтар ашылуы мүмкін», — деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, мектепке дейінгі ұйымдардағы қызметкерлердің еңбек жалақысы сақтала отырып, үйлерінде қашықтан жұмыстарын жалғастыруда, ал, кейбірі өз өтініштері бойынша кезекті еңбек демалысында.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *