ТҮЛКІБАСТЫҢ БАҒБАНДАРЫ 5 МЫҢ ТОННА «АПОРТ» АЛМАСЫН ЖИНАДЫ

Түлкібастық шаруалар «апорт» алмасын өсіріп, биылғы алма жинау маусымында әзірге, 5 мың тонна жеміс жинады. Жеміс түрін күтіп, баптауды ауданда 32 шаруашылық қолға алған. Жыл соңына дейін 6 мың тонна «апорт» теруге құлшынып отырған түлкібастық бағбандар межені былтырғыдан 2 мың тоннаға артық алуды болжап отыр. Дәмі тіл үйірер алмалар бүгінде еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды қалалары мен өзге де облыс, қалаларға жөнелтілуде. «Апорттың» алма бауларынан босатылу бағасы келісіне 250 теңгенің көлемінде.

Жалпы, аудан аумағында қазіргі таңда 75 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші агроқұрылым алма бауын өсірумен айналысады. Олардың дені, біз айтып отырған «апорт» алмасынан бөлек, алманың «голден делишес — золотой превосход» және «айдерет» атты сұрыптарын өсіреді. Бүгінге дейін «голден делишес — золотой превосход» алмасынан 4,6 мың тонна терілсе, «айдереттен» 5,4 мың тонна жиналып отыр.

2017 жылы аталған алма түрлерінің жалпы көлемі 23 мың тоннаны құраса, биылғы түсім мұнан да көп болмақ. Бау-бақша баптаушылар биыл 5 мың тоннаға артық алма жинап, 28 мың тоннадан астам жеміс тереміз деп отыр. Себебі, биылғы ауа-райы жеміс-жидекке қолайлы дейді.

Айта кетейік, Түлкібас ауданныңда 3 мың гектардан астам алма бау алқабы болса, соның 2200 гектары 2007 жылдан бері отырғызылып келе жатқан жас баулар. Сонымен қатар, ауданда аз жерден мол өнімді алуға (1 га жерде 2000 дана көшеттен аса будандастырылған алма ағаштары) мақсатталған қарқынды бау шаруашылықтары дамуда. Қазіргі таңда аудан аумағында қарқынды алма бау көлемі 310 га жетті.

Аудан бойынша барлық сиымдылығы 12500 тоннаны құрайтың 7 көкөніс, жеміс-жидек сақтайтың қоймалар жұмыс жасайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *