Батыр атағына ұсынылған қазақ жігіті Жеңіске санаулы күндер қалғанда Берлин түбінде қаза тапты
Батыр атағына ұсынылған қазақ жігіті Жеңіске санаулы күндер қалғанда Берлин түбінде қаза тапты
Бұдан 75 жыл бұрын Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ Жеңіске санаулы күндер қалғанда қайтыс болған жауынгердің бірі – Жәміл Жұмашев. Ол ағасы Рахыммен бірге 1942 жылы Махамбет ауданының Жалғансай ауылынан соғысқа аттанған. Сол кезде 23 жаста болған. Ағалы-інілі Жұмашевтер майдан даласынан оралмай қалған, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Олардың дерегін інісі Шәміл Кәкішев ұзақ жыл іздестірген. Алдымен хабар-ошарсыз кеткен Рахым Жұмашевтің дерегі анықталған. Ол 1944 жылы Беларусь Республикасының Витебск облысындағы шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Бұл шайқас Паново селосының маңында болған.
Ал, Жәміл Жұмашев бастапқыда Сталинград қаласы маңындағы шайқасқа қатысқан. Ол отбасына екі рет ауыр жараланғаны жөнінде хат жазған. Бірақ, ауыр жараланса да, елге оралмаған. Кейін Кәкішевтер отбасына 2015 жылы Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігінен Жәміл Жұмашевтің 1945 жылғы 27 сәуірде Темпельхоф ауданында ерлікпен қаза тапқаны туралы хабар келген екен. Туыстары ұзақ жыл іздеген қазақ жауынгері сондағы бауырластар зиратында жерленгені анықталған.
Шәміл қарияның Төлеухан есімді немересі Жәміл Жұмашев туралы деректі Ресейдің Подольск қаласындағы әскери мұрағатынан іздестірген екен. Бұл мұрағатта взвод командирі Жәміл Жұмашевтің 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы дерек сақталыпты. Бұл – 39-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, полковник Марченконың қолы қойылған ұсыныс. Оған 28-гвардиялық атқыштар корпусының командирі, генерал-лейтенант Рыжов мөр соққан. Осы құжатқа әскери қолбасшы, генерал-полковник В.Чуйков пен әскери кеңес мүшесі, генерал-майор А.Прониннің келісімі тіркелген.
Соғыс жылдарында мұндай жоғары атаққа кез келген жауынгер ұсынылмаған. Осы тұрғыдан алғанда Жәміл Жұмашевтің ерлігі командирлерін тәнті еткен болуы керек. Өйткені, қазақ жауынгері Днестр өзенінің оң жағалауындағы кескілескен шайқаста жаудың жасырынған ошағын тапқан. Қайсарлығымен, табандылығымен көзге түскен қазақ жауынгерінің ерлігі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен аталып өткен.
Ал, Берлиннің оңтүстік-шығысындағы шайқаста гранатамен фашистің 2 пулеметінің үнін өшіріп, автоматымен 20 солдатын жойған. Алайда, Жеңіс сағаты соғардан бірнеше күн бұрын қазақ жауынгері қаза тапқан. Оның сүйегі Берлин түбінде жерленген.
Қазақтың қайсар жауынгері Жәміл Жұмашев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, оны алып үлгерген жоқ. Тіпті оның мұндай марапатқа лайық екені туыстарына хабарланбай қалған.
фото:facebook/Zhenis Kenzhesuly Kuspan