ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА 845 ҮЙДІ СУ БАСҚАН

«Төтенше жағдай салдарынан бүгінгі таңда алдын ала есептеулер бойынша, жалпы 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, 1 мәдениетін үйін, сонымен қатар 10 дүкенді су басты.

Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автомобиль жолы су астында қалды.

Мұнан бөлек, алдын ала жинақталған мәліметтерге сәйкес, көлемі 7 639 гектар егістік жерін су басқан.

Мал шығыны да нақтыланып жатыр.

Қазіргі уақытта осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз. Нақты шығын көлемі анықталғаннан кейін қосымша баяндалады», — деді  Үкімет сағатында  Түркістан облысының әкімі   Ө.Шөкеев   Мақтааралға қатысты баяндамасында.

Мәлімдемеге сәйкес, жалпы 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланған еді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 елдімекен (Мырзакент, Ақжол) тұрғындары өз үй-жайларына қайта оралып, жайғасуда. Жалпы 6 127 тұрғыны бар 5 елдімекенді су басқан(Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық), 7 елдімекенде су басу қаупі әлі де жоғары.

Бұл ретте, шұғыл түрде 2 мамыр күні Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар келуде.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімінен 413 әскери қызметкер мен 37 дана техника тартылды. Қосымша Алматы қаласынан ҚР Ұлттық Ұланының құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер мен 26 дана техника келуде.

Атакент кенті мен Мақтарал, Жамбыл ауылдық округтерінде ашылған 19 қабылдау-эвакуациялау пунктіне 3200 адам орналастырылған. Атап өтейік, Мырзакент және Ақжол елдімекенінің тұрғындары үйлеріне оралуына байланысты эвакуациялық пункттер саны 24-тен 19-ға қысқарды.

«Қабылдау эвакуациялық пунктері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 медицина қызметкері медициналық көмек көрсетуде. Жетісай қаласында да 3 эвакуациялық-қабылдау пункті әзірленген. Қажет болса эвакуацияланған тұрғындардықабылдауға дайынбыз», деді Ө. Шөкеев.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *