ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕР ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ 4 ТОННА ҚЫРЫҚҚАБАТ ТАРАТЫП БЕРДІ
Елде болып жатқан төтенше жағдай кезінде Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округінің жеке кәсіпкері «Атамекен – Агро» ЖШС-ның басшысы Шынболат Қындыбайұлы және аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаеваның ұйымдастыруымен ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 4 тонна қырыққабат және 300 дана бетперде қайырымдылық ретінде тарту етілді. Қырыққабат пен бетперделер Жетісай қаласында тұратын 52 жалғызбасты қарттар мен 19 аз қамтамасыз етілген отбасыларға 2 тонна үлестіріліп берілмек.
Ал қалған 2 тоннасы Асықата кентіндегі 46 жалғызбасты қарттар мен 42 мүмкіндігі шектеулі балаларға және 12 аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін болады.
«Өз тарапымыздан қиын-қыстау күнде қол қусырып отырмай, демеу көрсете білгені үшін ауданымыздың кәсіпкерлері мен әжелеріне шынайы ризашылығымызды білдіреміз»,- дейді Жетісай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі