Қарағанды облысында мұз астына түсіп кеткен автокөлікте болған екі ер адам көз жұмды
Қарағанды облысында мұз астына түсіп кеткен автокөлікте болған екі ер адам көз жұмды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысындағы су айдындарының бірінде ішінде төрт адамы бар жеңіл көлік мұз астына батып кетті.
Оқиға салдарынан екі адам көз жұмды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
26 наурыз күні сағат 21:20-да мұз астына автокөлік құлап кетті. Жеңіл көліктің ішінде 4 адам болған.
Оқиға Қарағанды облысы Осакаров ауданы Молодежный кентінен 40 шақырым жерде орын алды.
«Екі ер адам мұз астынан шығып үлгерген. Көлікте болған тағы екі адамды ТЖД бөлімшелерінің күшімен іздестіру жүргізілді.
27 наурызда сағат 10:51-де 1985 және 1982 жылы туған ер адамдардың мәйіті табылды және судан шығарылды», — деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Көктемгі мұздың қауіптілігін түсіндіру мақсатында ТЖД қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп су айдындарында алдын алу рейдтерін жүргізеді.
Үгіт-насихат жұмыстары барысында балықшыларға мұздағы қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Барлығы 200 рейд және 600 патрульдік бақылау өткізілді.
Сондай-ақ, құтқарушылар тұрғындардан көктемгі кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.
Барлық оқиғалар мен ТЖ туралы 112 немесе 8(7212) 43-36-36, 43-37-37 телефондарына хабарлауға болады.