Ерлан Тұрғымбаев полицейлерді материалдық тұрғыда ынталандыруды тапсырды
Ерлан Тұрғымбаев полицейлерді материалдық тұрғыда ынталандыруды тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп жатқан қызметкерлерін ынталандыруға 653 млн теңге бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ФОТО ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕН АЛЫНДЫ
«Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты еліміздің ішкі істер органдарының жеке құрамы ерекше жұмыс режиміне ауыстырылды. Полицейлер, әскери қызметшілер, азаматтық қорғау қызметкерлері құқықтық тәртіпті, аса маңызды объектілер мен халықтың тыныс-тіршілігін, көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандарды қорғау және карантиндік шаралар жүргізу бойынша тәулік бойы қызмет атқарады», — делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Осыған ретте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп жатқан полицейлерді көтермелеу туралы шешім қабылдаған.
«Біз қызметкерлеріміздің қайсарлығы мен жауапкершілігін көріп отырмыз. Олар барлық қазақстандықтар үшін осы күрделі кезеңде күндіз-түні өзінің қызметтік борышын және ел басшылығы қойған міндеттерді орындап келеді. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысатын қызметкерлер материалдық тұрғыда ынталандырылады. Бұл мақсатқа Ішкі істер министрлігі 653 млн теңге бөлді», — деп атап өтті ІІМ басшысы.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде елімізде 8 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті күзетуде.