ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ АРЫСТАҒЫ БАЛАЛАР ҮЙІНЕ БАРДЫ
ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ АРЫСТАҒЫ БАЛАЛАР ҮЙІНЕ БАРДЫ
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қалалық балалар үйінің ұжымы мен тәрбиеленушілерін құттықтап, сыйлық жасады. Отбасы үлгісіндегі орталықтың балалары облыс басшысымен Арыс оқиғасы кезінен жақсы таныс. Апатты оқиға орын алғанда Өмірзақ Естайұлы ең алғаш болып осы балалар үйіне келген. Сын сағатта жандарынан табылған аймақ басшысын қуанышпен қарсы алған балғындар балалар үйінің барлық бөлмелерін бірге аралап шықты.
Өздеріне арнайы келген меймандарға арнап өнерлерін ортаға салды. Өлең-жырларын оқып, анаға деген сарқылмас сағыныштан туған әндерін шырқады.
Балалар ауылындағы әрбір бүлдіршін облыстағы бірнеше басқарма басшыларының жіті назарында. Олармен бірге өңірдің тарихи-мәдени орталықтары мен демалыс орындарына экскурсиялар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жақында Қостанайда жұлқа көтеруден өткен республика чемпионатында 120 келі салмақты бағындырып, алтын жүлде иегері атанған Диана Хакимова да осы шаңырақтың тәрбиеленушісі. Болашақ олимпиада чемпионы болуды армандайды.
Қара шаңырақта бүгінде 60-тан астам бала өсіп жатыр. Олардың әр қайсысы түрлі ұлттан болғанымен барлығы бір тілде яғни, қазақ тілінде сөйлейді. Бірнеше тілді меңгерген балалар туған ата-ана қамқорынан қағылғанмен, бұл орталықта арнайы отбасылық негізде тәрбиеленеді. Мұнда жанұя мүшелері жасақталып, анасы мен баласы жүйесі қолға алынған. 7 бірдей отбасына бөлінген балалар үйінде олардың толыққанды өмір сүруіне бар жағдай жасалған. Олардың жеке бөлмелері, компьютерлік сыныптар, спорттық бөлмелер бар.
Облыс басшысы осыдан 98 жыл бұрын қызметін бастаған Төлеген Тәжібаев атындағы балалар үйінде ашылған мұражай жұмысымен танысты. Бүгінге дейін осы ұядан ұшқан үш мыңға жуық тәрбиеленуші өмірден өз орнын тапқан.
Отбасы үлгісіндегі балалар үйінен бүгінге дейін атақты ғалымдар мен жазушылар, ұлт мақтанышына айналған батырлар, белгілі қоғам қайраткерлері мен Кеңес одағының батырлары Бейсен Оңтаев, Садық Исмайлов, Берген Исаханов, Нағи Ілиясов, Иван Журбалар ұшса, қазақтың белгілі жазушысы, сатирик, драматург Садықбек Адамбеков пен есімі берілген Төлеген Тәжібаев та осында тәрбиеленген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі