«ШАРДАРА СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ» ӨНІМДІЛІК ҚУАТЫ АРТТЫ
Түркістан облысындағы Шардара су электр станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, өнім қуаттылығы 26 пайызға артты. Жөндеу жұмыстарына дейін 100 мВТ электр энергиясын өндіріп келсе, қазір өндіріс көлемі 126 мВт-қа жеткен. Нәтижесінде өңірді тоқ күшімен қамту деңгейі 14 пайызға өскен. Жаңғырту жұмыстарына дейін бұл көрсеткіш небәрі 8 пайызды құраған. Бұл туралы «Шардара су электр станциясы» АҚ бас инженерінің орынбасары Нұрлан Аманов мәлімдеді.
Оның сөзінше, жаңғырту жұмыстары барысында станциядағы төрт бірдей генератор немістің заманауи қондырғыларымен алмастырылған.
«Жарты ғасырға жуық тарихы бар кешендегі ескірген қондырғылар еліміздегі индустрияландыру картасы аясында толықтай жаңасына алмастырылды. Нәтижесінде өнім көлемі артып, қоймадағы су да босқа ақпайтын жағдайға жетті. Тиісінше облыс көлеміндегі өндіріске қажетті жоғары кернеулі желідегі тоқтың күшін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік туды», – деді Н.Аманов.
Мамандар жұмыс камерасының бәрі шірімейтін темірден салынғанын айтады. Бұған дейін жұмыс камералары шойыннан болған. Жобаның жалпы құны – 75 миллион еуро.
«Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы қолмен ажыратылып қосылатын қондырғылар компьютермен басқарылады. «АРУ» деген май қосатын қондырғылар бар. Соларға барып, адам күшін қолданып, қолмен қосатынбыз. Ал қазіргі уақытта компьютердің көмегімен бір жерде отырып, басқаратын болдық.
Жаңғырту жұмыстары барысында құрылғылармен қатар станцияның ішіндегі тоқ жүретін желілер мен басқару қондырғылары толықтай жаңартылды», – дейді «Шардара су электр станциясы» АҚ бас инженерінің орынбасары.
Айта кетейік, станция салынғалы жалпы көлемі 21 мрд. 460 млн. кВт-тан аса қуат өндірген. Станцияда жаңғырту жұмыстарына дейін 150-ден адам астам жұмыс істеп келсе, қазір 136 қызметкер еңбек етуде.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі