Бауыржан Байбек жетісайлық шаруалардың түйіткілдерін тыңдады
Бауыржан Байбек жетісайлық шаруалардың түйіткілдерін тыңдады
Түркістан облысы Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келген «NurOtan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Абай ауылдық округіндегі «Махарам» шаруа қожалығының қызметімен танысудан бастады. Егістік алқапта шаруалармен жүздесіп, еркін форматта әңгімелесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аграрлы аймаққа жасаған іс-сапары кезінде партиясы Төрағасының бірінші орынбасары шаруалардың сұрақтарына жауап беріп, ауыл шаруашылығы саласында жасалып жатқан қамқорлықтарға тоқталды. Ауданда шикізатты өңдеп, дайын өнім шығаруға ден қою керектігін айтты. Ал, аудан шаруалары егістік түрлеріне қарай берілетін субсидия, ағын су, каналдардың жөндеу жұмыстары мен оның сапасын бақылауға алу жайындағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, Б.Байбек атбасын тіреген «Махарам» шаруа қожалығының иелігінде 300 га егістігі бар. Бүгінде 10 га алқабына ерте пісетін қырыққабаттың бірнеше түрін егіп отыр. Қожалық төрағасының айтуынша, биылғы жылға 57 га шитті мақта тұқымын сепсе, қалған жерге көкөніс пен бақша өнімдерін егу жоспарда бар. Аталмыш егістік алқапта 150-ге тарта тұрғын еңбек етуде.
Шаруалармен болған кездесуден соң, Бауыржан Байбек Жетісай қаласында бой көтерген заманауи емханада болды, аудан дәрігерлерімен жүздесті. Құрылысы 2017 жылы басталған, ауысымына 500 адамды қабылдауға есептелген емхананың негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Енді тиісті құрал-жабдықтар толық орнатылса, нысан ел игілігіне тапсырылмақ. Барлық қажеттіліктері қарастырылған денсаулық сақтау мекемесінің құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд 129 млн 289 мың теңге, облыстық бюджеттен 600 млн теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылған. Медицина қызметкерлерімен жүздесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары еліміздің бас партиясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен, алдағы атқарылар жоспарлы тапсырмалармен таныстырды. Бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, сенім мен үмітті арқалаған партияның бастамасымен бүгінде елдегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулық, әлеуметтік, денсаулық және спорт, ауыл шаруашылығы, әдебиет пен мәдениет саласындағы қол жеткізген жетістіктер айтылды.
Сапарының соңында «NurOtan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбек ауданда атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барысы мен партиялық тапсырмалардың орындалуына оң бағасын берді.
https://www.inform.kz/kz/bauyrzhan-baybek-zhetisaylyk-sharualardyn-tuyitkilderin-tyndady_a3619024