Төлеби ауданындағы 9 елді мекенге табиғи газ беріле бастады
Төлеби ауданындағы 9 елді мекенге табиғи газ беріле бастады
Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы 9 елді мекенге табиғи газ беріле бастады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен аудан әкімі Бауыржан Омарбеков осы оңды оқиғаға байланысты өткен жиынға қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты жиында аудан басшысы жиналған жұртшылық алдында құттықтау сөз сөйлеп, өзге елді мекендерге де газ жеткізу мәселелері қаралып жатқанын атап өтті. Әкімнің сөзінше, 2017-2019 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен 1млрд 988 млн теңгеге Тасарық ауылдық округіндегі Тасарық, Жамбыл, Ханарық, Оңтүстік және Қаратөбе ауылдық округіндегі Майбұлақ, Қостөбе, Қаратөбе, Балдыберек, Төңкеріс елді мекендеріне газ құбырының құрылысы жүргізілген болатын. Қазіргі таңда 9 нысанды сығымдау актілерімен орындаушы техникалық құжаттары рәсімделген.
Бүгінде 9 елді мекен бойынша 1542 абоненттің 793 абонентіне техникалық шарттар алынып, ішкі газ құбырлары жүргізілді. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на тіркелген. Бүгін пайдалануға берілген газ жүйесін қосқанда, аудан көлеміндегі 55 елді мекеннің 48-і табиғи газ жүйесімен қамтылмақ.
«Ауданда Қоғалы ауылдық округінің Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы және Қасқасу ауылдық округінің Қасқасу, Жоғары Қасқасу, Кеңесарық, Керегетас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сметалық құны 1,269 млрд теңгені құрайды. Жобаны қаржыландыру үшін 2020 жылға арналған республикалық және облыстық бюджетке ұсынылып, қаржыландыру күтілуде. Жоба қанағаттандырылған жағдайда Төлеби ауданының 55 елді мекенінің 118 600 тұрғыны 100% табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады»,- дейді ауданның газға жауапты мамандары.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/tolebi-audanyndagy-9-eldi-mekenge-tabigi-gaz-berile-bastady_a3613917