Қордайдағы шудан кейін Жамбыл облысына жаңа прокурор тағайындалды
Қордайдағы шудан кейін Жамбыл облысына жаңа прокурор тағайындалды
Жамбыл облысының прокуратурасына Нұрғалым Әбдіров басшылыққа келді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысының келісімімен Жамбыл облысының прокуроры болып Нұрғалым Мәжитұлы тағайындалған.
1967 жылы туған Әбдіров «құқықтану» бойынша білім алған. Прокуратура органдарында қызметін 1991 жылы бастаған. Басшылық қызметтерде тәжірибесі мол.
Осы уақытқа дейін Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар, тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау, ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалау департаменттерін басқарған.
Сонымен қатар Астана, Алматы, Оңтүстік-Шығыс өңірлік көлік прокурорларының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облысы прокуратураларын басшылық еткен.
Прокуратура органдарындағы жалпы еңбек өтілі 28 жылдан астам.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданында 7 ақпан күні жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалдан 8 адам қаза тауып, 40-тан аса адам әртүрлі жарақат алды.
9 ақпанда тағы екі адамның қайтыс болғаны хабарланып, жаппай тәртіпсіздіктен көз жұмғандар саны 10 адамға жетті.
Соңғы деректерге сәйкес, медициналық көмекке 178 қазақстандық жүгінген. 19 құқық қорғау органдарының қызметкерлері зардап шегіп, оның жартысы оқ жарақатын алған.
Аталған жағдайдан соң 25 қылмыстық іс қозғалған.
Аталмыш оқиғадан соң мемлекет басшысының бұйрығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметімен қош айтысқан.