ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ ЖОҚ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ ЖОҚ
Күнделікті мониторинг қорытындысына сай, аумаққа келетін қауіп-қатер жоқ, деп нақты айтуға болады. Облыстағы су тасқынының алдын алу және оның келеңсіз салдарын азайту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар және өзге де маңызды мәселелер Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен апталық лездеме отырысында талқыланды. Оған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
Дегенмен, мамандар Шардара ауданы Сүткент елді мекеніндегі Сырдария өзені жағасындағы қорғаныс дамбасы 2017 жылы өткен тасқын судан шайылғаны жайлы дабыл қағуда. Қауіптің алдын алу үшін дамбаны қалпына келтіру қажет, делінді басқосуда. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылатын болды. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы жауапты сала жетекшілеріне суармалы су тапшылығының алдын алуды тапсырды.
2020 жылдың қазан айында ел тарихында үшінші мәрте жалпыұлттық халық санағы өтеді. 1-30 қазан аралығына жоспарланған ауқымды шараның біраз ерекшелігі болғалы тұр. Биыл өтетін науқандық жұмысқа заманауи ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылмақ.
Мәселен, ең алдымен, қазақстандықтарға интернет арқылы дербес деректерін өз бетінше ендіру және барлық сұрақтарға жауап беріп, белгі соғу мүмкіндігі ұсынылады. Аралап, сұрау жүргізу, деректерді тіркеу үшін бүкіл өңірлерге арнайы дайындықтан өткен 30 мың маман аттанады. Маңызды науқанға дайындық Түркістан облысында да тиісті деңгейде жүруде.
Көмекке мұқтаж жандарға демеу болған «Қамқорлық» кешенді бағдарламасы халықтың ризашылығына бөленіп үлгерді. Жан-жақты көмек көрсетуді көздеген ауқымды шара аясында 7 мыңға жуық адам, не 1643 отбасы қамтылмақ. Аудан, ауыл әкімдері, депутаттар мен кәсіпкерлер және белсенділер оларға тәлімгер ретінде бекітілді. Тұрмыс тауқыметін тартқан жандар өздеріне қаржылай, азық-түлік пен заттай көмек көрсетуді сұраған. Осы уақыттың ішінде «Қамқорлық» аясында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы мен жергілікті әкімдіктердің және демеушілердің жұмылуымен 20-дан астам отбасы баспаналы болып, үйлері жөнделуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі