МӘРТЕБЕЛІ ПОЭЗИЯ МІНБЕРІНДЕ- ХАМЗА КӨКТӘНДІ

«МӘРТЕБЕЛІ ПОЭЗИЯ МІНБЕРІНІҢ» КЕЗЕКТІ КЕШІ ӨТТІ

Шымкенттегі «Мәртебелі поэзия мінберінің» осы аптадағы қонағы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы Хамза Көктәндінің (Әмзе Халмырзаұлы) шығармашылығына арналды.

Кешке Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.

— 2020 жыл – қаламыз үшін айрықша жыл. Шымкент мәдени астана атанған тұста ақын-жазушыларымызды да дәріптеп жатырмыз. Осы орайда Хамза ағамыздың «Түркі теберігі» атты кітабын атап өткім келеді, — дей келе ақынға шығармашылық табыс тіледі.

Жиын барысында жастар Х.Көктәндінің өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын танысты. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, ақын өлеңдерімен рухани сусындады.

Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейдің оқушылары Абай жырларын жатқа айтса, Шымкент қалалық мәдениет үйінің әншілері кеш иесінің халық арасында кеңінен танылған «Қуанышым – қазынам», «Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз» атты әндерін домбырамен нақышына келтіре орындады. ОҚМПУ студенттері Хамза Көктәндінің жырларынан әдеби композиция оқыды.

Ал ақынның өзі «Құлпытас», «Көкпар», «Ақындық» сынды оқырманға жақсы таныс өлеңдерін оқыды. Жаңа ғана жарыққа шыққан «Алтын төркін» атты қос томдығын да таныстыра кетті. Аталған кітап Түркістанның таңғажайып тарихы туралы жазылған.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *