ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 104 ЖОБА ҚАРЖЫ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ МАҚҰЛДАУЫН АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтің төрағалығымен Өңірлік жобалық кеңсенің кезекті отырысы өтті. Басқосуда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларды дамыту, импорт алмастыру және экспорт бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Жиын барысында М.Иябайұлы Елбасының бастамасымен қабылданған «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бағдарламасы аясында қаржыландыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілгенін атап өтті.
«Жалпы сомасы 60,8 млрд. теңгені құрайтын 316 басым жобалар пулы қалыптастырылып, оның ішінде 14,5 млрд. теңгені құрайтын 83 жоба екінші деңгейлі банк және «Аграрлық несие корпорациясы» жұмысында тұр, ал 15,2 млрд. теңгені құрайтын 104 жоба осы қаржы институттарымен мақұлданған. Жалпы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп және басқа бағыттар бойынша жобалар қаржыландырылды», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ерекше тоқталып өтуге тұрарлық жағдай: бағдарламаға жеке кәсіпкерлік субъектілерін жаппай қатыстыра отырып, жобаны жүзеге асыру бойынша Түркістан облысы жыл соңына дейін өңірлер арасында көшбасшы орынды қолдан шығармай келді. Осындай нәтижелі жұмысқа белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды облыс әкімінің орынбасары «Алғыс хатпен» марапаттады.
Олардың қатарында «Аграрлық несие корпорация» АҚ филиалының директоры Қ.Турсынкулов, «АТФ Банк» АҚ филиалының директоры Б.Калимбетов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ филиалының директоры А.Таскарин және «Банк ЦентрКредит» АҚ филиалының директоры А.Оналбеков бар. Жиын соңында М.Мырзалиев өңірдің көшбасшылығын алдағы уақытта да сақтап, жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттыру қажеттілігін қаржы институттарының өкілдеріне ескерте кетті. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банк, «Аграрлық несие корпорация», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалдары басшыларымен бірқатар кәсіпкерлердің жобаларын талқылап, жобаларды қарау және мақұлдау процесін жеделдетуді тапсырды.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі