ШАРДАРАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИСТІК ФЕСТИВАЛЬ ӨТЕДІ
Өңіріміз жоғары туристік потенциалға ие. Сол мүмкіндікті пайдалана алмай келеміз. Осы саланы көтеру мақсатында тиісті нақты шараларды қолға алуымыз керек. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм саласының өкілдерімен өткен жиында мәлімдеді.
Басқосуға облыстық басқарма басшылары, туристік агенттік пен тарихи, мәдени орталық жетекшілері және қолөнер шеберлері қатысып, аталған саланы дамыту жайында ұсыныс пікірлерін білдірді. Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы өңіріміздегі туризм саласын түлетудегі негізгі алғы шарттарын атап өтті.
«Біздің облысымызда туристер қызығатын тарихи және мәдени нысандар өте көп. Тамаша табиғатының өзі бір төбе. Солай бола тұра, неге бізге Түркиядағыдай туристер ағылмайды. Себебі, қонақтарға көрсетілетін қызмет тиісті деңгейде жасалмаған. Міне, осы кемшіліктерді жоюымыз керек. Яғни, әуежайдан бастап қонақ үй, сервис, дәмхана, гидтерге дейін жоғары дәрежеде қызмет көрсететін болса, келушілердің қатары арта түседі. Сол үшін шетелдік әріптестермен жан — жақты тәжірибе алмаса отырып, қонақ күтудің озық үлгілерін үйренуіміз керек», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, өңір басшысы туристік индустрияны дамыту мақсатында арнайы бағдарлама құрылатынын айтты. Осының негізінде туристік нысандардағы инфрақұрылым мәселесі шешіліп, сервистік қызметті жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылмақ.
Одан бөлек, облыс басшысы Шардара ауданында халықаралық туристік фестиваль өткізуді тапсырды. Шетелдік туристік агенттердің қатысуымен өтетін шараның мақсаты – шағалалы Шардарадағы демалыс аймақтарын әлемдік деңгейде насихаттау.
Өз кезегінде туристік агенттіктер қауымдастығының төрайымы Гүлмира Ақбердиева сервистік қызмет көрсетуге үйрететін орталық ашуды ұсынды.
Жиын барысында облыс орталығы Түркістан қаласының даму жоспары да кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы Қ.А.Ясауи кесенесінің маңына ескі шығыстық үлгідегі ғимараттардың бой көтеретінін айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі