ВИЗАЛЫҚ КӨШІ-ҚОН РЕЖИМІ
Ішкі істер министрлігі құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасап, визалық көші-қон режимін ырықтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Жұмыс кезеңдерінің бірі Қазақстан Республикасына келетін шетел азаматтарын міндетті түрде тіркеуді алып тастау болып табылады.
Аталған түзетулерді қабылдау елімізде 30 тәулікке дейін болатын шетелдіктерді көші-қон қызметі органдарында тіркеуден өту міндетінен босатады.
30 тәуліктен астам болған жағдайда шетелдікке елде уақытша тұруға рұқсат ресімделеді. Бұл ретте рұқсат алу үшін ІІО-на шетел азаматының өзі өтініш білдірмейді. Шетелдіктердің келуі, болуы және уақытша тұруына рұқсатты ресімдеу жауапкершілігі оларды қабылдаушы жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі.
Өз кезегінде шетелдікті қабылдаушы тараптар (қонақ үйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер, емдеу-профилактикалық мекемелер, жеке тұлғалар және т.б.) үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін шетел азаматы туралы хабардар етуге міндетті.
Бұл талаптар бұзылған жағдайда заңнамаға сәйкес қабылдаушы тарап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады (Жеке тұлғаларға ескерту жасауға, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-15, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).
Осыған байланысты, ҚР-да шетелдіктерді қабылдайтын жеке және заңды тұлғаларды ІІО-ын хабардар етіп, заңнамалық нормалардың бұзылуына жол бермеуді сұраймыз.
Бұл ретте артық әкімшілік кедергілер жойылады, сондай-ақ елдің инвестициялық және туристік тартымдылығы мен Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерінің ашықтығы артады.
Шымкент қ. ПД-нің Баспасөз қызметі