ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЦИФРЛЫҚ БАНКТІҢ ФИЛИАЛЫ ШЫМКЕНТТЕ АШЫЛДЫ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЦИФРЛЫҚ БАНКТІҢ ФИЛИАЛЫ ШЫМКЕНТТЕ АШЫЛДЫ
Бүгін Шымкент қаласында Қазақстандағы алғашқы цифрлық банктің 6-шы филиалы ашылды. «Altyn Bank» АҚ филиалдары бұған дейін еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында ашылған.
Елбасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысын бастаған аталған қаржы ұйымының ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Чжан Сяо мен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
Шымкент қаласының тұрғындары мен банк қызметкерлерін жаңа банктің ашылуымен құттықтаған қала басшысы заманауи технологиялық трендтер қаржы саласын өзгертетінін атап өтті.
«Бүгінгі таңда банктердің 70% жеке және заңды тұлғаларға сервистерін интернет пен мобильдік банкинг арқылы қызмет көрсетсе, банктердің 55% өз қызметтерін мобильдік қосымша незізінде ұсынады. Бұл нарыққа өңірлік инвесторлардың қол жеткізуін жеңілдетіп, инвесторларға әлемнің кез келген нүктесінен қазақстандық қор нарығында қаржы құралдарымен сауданы жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деді қала әкімі.
«Altyn Bank» АҚ құрған бренд жеке тұлғаларға қызмет көрсету бойынша толыққанды сандық банк болып табылады. Басты артықшылықтары – 24/7 режиміндегі қызметтердің қолжетімділігі, ыңғайлы жағдайлар мен инновациялық сандық мүмкіндіктер.
Барлық өнімдері мен процестері яғни, шотты ашу мен дебеттік картаны шығару, халықаралық валюта аударымын жіберу мен кепілсіз кредит алғанға дейінгі қызмет онлайн режимде жұмыс істейді.
Аталған банк Шымкент қаласы, Д.Қонаев даңғылы, 13 мекенжайында орналасқан.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі