ӘЛ-ФАРАБИ МЕН АБАЙҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛАДЫ

 

Е.АЙТАХАНОВ: «ӘЛ-ФАРАБИ МЕН АБАЙҒА ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ ҚОЮЫМЫЗ КЕРЕК»

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына қойылуы жоспарланған ескерткіш-кешендерінің жобаларына қойылатын талаптар айқындалып ағымдағы жылдың қараша айында байқау жарияланған болатын.

Бүгін аталмыш байқаудың 1 кезеңі өз мәресіне жетті.

Ашық конкурс негізінде Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне 12 жоба бойынша 7 үміткер және Абай Құнанбайұлының ескерткішіне 14 жоба бойынша 7 үміткер қатысты. Үздіктерді анықтау үшін арнайы комиссия да құрылды. Комиссия мүшелігіне Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, басқарма басшылары және елімізге танымал сәулетшілер мен суретшілер енді.

1 кезеңді қорытындылап, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтау отырысына Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.

«Келер жыл еліміз үшін ерекше рухани оқиғалар кезеңіне айналғалы отыр. Дала данышпаны, әлемнің «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және  ұлтымыздың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту жауапкершілігі тұр.

Қазақ ұлыларын ұлықтап, даналарын төрге оздырған халық. Біз осы бабаларымыз арқылы елімізде ежелден өркениеттің, ғылым мен білімнің, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сондықтан бұл мерейтойлар  – бәріміз үшін үлкен сын, тарихи жауапкершілік деп білемін. Осыған байланысты қаламызда Ұлы тұлғалардың ескерткішін орнату бойынша үздік жобаларды анықтау оңайға соқпайтыны белгілі. Біз әр қатысушының эскиздік жобасына ықыласпен, зейінмен қарауымыз тиіс. Себебі, қаламыздың қасбеті мен шырайын ашатын ескерткіш орнату негізгі мақсатымыз болып табылады» деді жиында сөз алған Ерлан Қуанышұлы.

Үш сағатқа созылған жиын барысында комиссия мүшелеріне мықтыны анықтау шынында да оңайға түскен жоқ.

Сонымен, Әл-Фараби ескерткішінің эскиздік жобасы бойынша 1-ші орынды Ерғали Мұстафаев, 2-ші орынды Бәймен Батухан, 3-ші орынды Өмірзақ Шанов иеленсе, Абай ескерткішінің эскиздік жобасы бойынша 1-ші орынды Әбдікәрім Ахметов, 2-ші орынды Құттыбек Жақып, 3-ші орынды Ерғали Мұстафаев алды.

Жүлдегерлер қала әкімінің арнайы дипломымен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Айта кетейік, байқаудың екінші кезеңі бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайттарына және БАҚ беттеріне қосымша хабарлама берілетін болады.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *