ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

 

Төлеби ауданында алғаш рет «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері» ашылды. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысты.

 

 

Онда ерекше балалар мен олардың отбасы үшін дефектолог, психолог, логопед, физиотерапевт, массажист, тифлопедагог сияқты мамандар тегін көмек береді. Әр орталықта ерекше білім беруді қажет ететін 300-ден астам бала жиналған. Түркістан облысы әкімдігінің, «Дара» қайырымдылық қоры мен «Байсат» ЖШС-ң қолдауымен ашылған «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің» жұмысымен танысқан облыс басшылығы мұндай орталықтардың маңыздылығын ерекше атап өтті.

 

«Әр бала әртүрлі қабілетімен ерекшеленеді. Әр бала дарынды. Осы орайда баланың дарындалығын ары қарай дамыту мақсатында барлық жағдай жасалуы тиіс. Дарынды балалармен жұмыс істейтін ұстаздар олардың жанын түсіне білгенде нәтижесі де көп күттірмейді. Оқушының өзіндік табиғи қасиеттері мен қабілеттерін дамытып, оқыту үлкен жұмыс. Алдағы уақытта мұндай ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтары көптеп ашу жоспарда бар», – деді орталық жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, олардың өмірге деген құштарлық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасайды.

 

Мекеме заманауи үлгідегі арнайы құрылғылармен толық жабдықталған. Қазіргі таңда Төлеби ауданында ерекше оқытуды қажет ететін 1130 бала бар. Ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтар  Түркістан қаласы мен Келес аудандарында да ашылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *