АҚЫН ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ 70 ЖАСТА!
АҚЫН ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ 70 ЖАСТА!
Бүгін ҚР еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызының 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.
Айтулы мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен, Өзбекстан Республикасынан келген мәртебелі қонақтармен қатар, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов және де Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.
Шығармашылық кеш алдында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз – конференциясы өтті. Сонымен қатар, тақырыптық кітап көрмесі қойылып, ақынның 10 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.
Арнайы кеште «Сыр шертемін ешкімге айтылмаған…» атты ақынның өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін бейнефильм көрермен назарына ұсынылды.
Кездесу барысында шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы халық жазушысының қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, шынайы ыстық ықыласын жеткізді.
«Сізді әдебиет әлемінде жақсы танимыз. Сіздің өлеңдеріңізден тек ақындығыңыз ғана емес, отансүйгіш қасиетіңізді байқаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалыптасыуына да қосқан үлесіңіз орасан. Қазақ әдебиеті арқылы елімізге баға жетпес еңбек сіңіріп келесіз. Қанатыңыз ешқашан талмасын» деді Ерлан Қуанышұлы.
Қайырымды қаланың ыстық ілтипатына бөленген кеш иесі де руханиятқа толы әңгімелерін айтып, келген қонақтарға жылы лебізін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі