Бір ай бойы сусыз отырған алматы тұрғыны тиінге 23 млн жұмсаған байбекке шүйлікті
Алматы іргесіндегі 71-разъезд ауылының тұрғындары мамыр айынан бастап ауыз суға жарымай отыр. Бұл мәселе жөнінде желідегі парақшасында бөліскен бойжеткен «тоғыз айдан кейін өртеу үшін 23 миллионға тиін тұрғызған» қала әкімдігіне реніш білдірді деп хабарлайды NUR.KZ.
Айжан Қалиева есімді ару Facebook желісінде өзекті жазба қалдырған.
«Парадокс: Алматының іргесіндегі өзім тұратын 71-разъезд ауылында мамыр айынан бастап ауыз су жоқ. Күн 40 градус күйіп тұр, біздің ауылдың тұрғындары ішерге бір жұтым су таппай жүр.
Ал судың күшін (напор) көбейту үшін әкімдік «қаражат жоқ» дейді. Бірақ қаланың қақ ортасына 23 миллионға тиін орнатып, оны тоғыз айдан кейін өртеуге ақша табылады.
Бұл мәселені Алатау ауданы әкімдігі шешіп береміз дегелі бір ай өтті, қалалық әкімдікке мамыр айында шағым айттық», — деген Айжан Ораза айында да ел-жұрт мейірін қандыратын су таппай сабылғанын айтады.
«Міне, шілденің шіліңгір ыстығы келді. Бізде әлі су жоқ. Кір жуып, душқа түсу былай тұрсын, ішерге су таппай, жердің астынан шығатын құм аралас лай суды бір-бірімізден тасып жүрміз.
Алатау ауданы депутаттарына да жеке өзім шығып, көмек сұрадым. Көмекшілері атқамінерлерге аталған мәселені жеткізіп, бір хабарын беретіндерін айтқан.
Әзірше хабарласқан ешкім жоқ. Әкімдік қаланың көркеюіне деп тоғыз айдан кейін өртенетін тиінге қаражат бөлгенше, су таппай сандалған халықтың проблемасын шешсе ғой…», — деп аяқтады сөзін бойжеткен.
Аталмыш жазбаны желіде 90-ға жуық адам бөлісіп, бұл жайтқа қатысты өз пікірлерімен бөліскен.
Айта кетер болсақ, NUR.KZ порталы аталмыш мәселеге қатысты Алматы қалалық әкімдігінен жауап алу үшін сұраныс жіберді. Алайда, хатқа әлі жауап келмеді.