ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН -ЧЕХИЯ БИЗНЕС-ФОРУМЫ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН -ЧЕХИЯ БИЗНЕС-ФОРУМЫ ӨТТІ

Шымкент қаласына Чех Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачек бастаған делегация келді. Құрамында чехиялық 17 компанияның өкілі бар делегацияның қатысуымен «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде ҚАЗАҚСТАН-ЧЕХ бизнес-форумы өтті.

Форумға Чехия Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы – Радек Вондрачек, ЧР Өнеркәсіп Одағының президенті – Ярослав Ганак, ТМД елдері бойынша Сауда-өнеркәсіп палатасының Басқарма Төрағасы – Франтишек Масопуст және ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко, сондай-ақ, Шымкенттің кәсіпкерлері қатысты.

Аталмыш шараны Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ашты. Қала қонақтарына қошемет білдірген Е.Айтаханов Чех Республикасынан келген делегацияның бұл сапары үшінші мегаполистің бизнес əлеуетін арттыруға тиімділігі зор екенін атап өтті.

«Чехия Қазақстанның  стратегиялық әріптесі. Екі ел арасындағы достық байланыс өте бекем. Өткен жылы Шымкентке  мегаполис статусы берілді .Бұл қаламызға инвестиция тартуда жаңа леппен жұмыс істеуіміз керек деген сөз. Шымкент инвесторларға өте қолайлы қала. Себебі, климаты жұмсақ, жұмыс істеуге қолайлы. Оған қоса шаһарымыздағы сауда-логистикалық орталықтың қарқын алып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз» деді Ерлан Қуанышұлы.

Өз кезегінде Чехия Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы – Радек Вондрачек те ілтипатты тілегін жеткізді.

«Чехия Орталық және Шығыс Еуропадағы машина жасау, көлік өнеркәсібі, қара металлургия, электротехника мен электориника, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, шыны және тоқыма өндірісі жақсы жолға қойылған. Біз қазақстандық әріптестерімізге мал шаруашылығында сапалы генетикалық материал әзірлеуде бірнеше тиімді жобалар ұсына аламыз. Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Кез келген салада бірігіп жұмыс істейтін болсақ үлкен нәтижелерге жететінімізге кәміл сенемін» деді Р.Вондрачек.

Бизнес-форумнан кейін Шымкентке келген делегаттар Бəйдібек би ескерткішіне барып, Шымкент қаласының көрнісін тамашалады. Мұнан соң  қазақ халқының салт-дəстүрі мен тарихынан сыр шертетін Тарихи-өлкетану музейіне барды. Одан шығып «Дендросаябаққа» арнайы барып ағаш отырғызды. Сондай-ақ, қала көркін еселеген Арбатты аралады.

Оған қоса, қала қонақтары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына ат басын тіреді. Онда кілем шығаратын «Бал Текстиль», шұлық тігетін «Алем-БТ» және аяқ киім өндіретін «Lux Shoes» және «Хлопкопром Целлюлоза» зауыттарын аралады.

Аралау барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко Шымкентте осынау өнеркәсіптердің қанат жайып дамып жатқанына тәнті екенін жеткізді. «Күнделікті тұрмыста қолданып, көріп жүрген заттар қалай пайда болатынын өз көзіммен көріп тәнті болдым. Бір қуанарлығы осынау техникалардың тілін шымкенттік жастар жақсы меңгеріп, өздері жүзеге асыруда. Бұл ауыз толтырып айтатын дүние» деді В.Божко.

Сонымен қатар, форум аясында қос елдің бизнес өкілдері бір-бірімен танысып, пікір алмасып, алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істеуге уағдаласты.

Айта кетейік, Қазақстан мен Чехия Республикасы арасында 2018 жылы ішкі сауда айналымы 942 741 мың АҚШ долларын құраған.

 

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *