Қазығұрт ауданының халқына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңыздылығы түсіндірілді
Қазығұрт ауданының халқына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңыздылығы түсіндірілді
Елімізде 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ. Біріншісі – барлық азаматтар пайдалана алатын кепілдендірілген тегін көмек. Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Соңғысы туралы Қазығұрт аудан әкімшілігінің қызметкерлері мен Өнер мектебінің ұжымына насихаттап, түсіндіру үшін кездесу өтті.
Халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңыздылығын жеткізу мақсатында жиынға облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал басшысы Асхат Бейсенбаев қатысты. Әкімшілік қызметкерлері мен ұстаздар қауымына жұмыс істейтін барлық азаматтар медициналық сақтандырыла алатындығы айтылды. Қазір сақтандыру аударымын жұмыс берушілер төлеп келеді. Келесі жылдан бастап жұмысшының жалақысынан 1 пайыз және 2022 жылдан бастап 2 пайызы аударылатын болады. Ал, балалар, жұмыссыз азаматтар мен зейнеркерлер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар, мүгедек жандар мен түрмеде жазасын өтеушілер үшін медициналық сақтандыру қорына мемлекет төлейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру әр азаматтың денсаулығы үшін өте маңызды іс болмақ. Медициналық жүйе консультативтік-диагностикалық көмек, соның ішінде бағасы қымбат болып келетін зертханалық қызмет түрлерін, сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және оны алмастыратын көмекпен қамту, медициналық оңалту және пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлерін қамтиды.
Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыскердің табыс мөлшері қанша болса да толық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы бойынша, биыл Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші медициналық ұйымдарға 72 млрд. теңге төленуде. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 9,1 % артық. Жалпы, медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген 74 медицина ұйымдарымен келісімшарт бекіткен болатын. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті. Міндетті медициналық сақтандыруға қатысты сұрақтар бойынша біріңғай 1406 нөмірі бойынша ақпарат алуға болады.
Түркістан облысы бойынша Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі