Е.АЙТАХАНОВ: «ЖАБАЙЫ САУДА ЗАҢСЫЗ ӘРІ ҚАУІПТІ»
Е.АЙТАХАНОВ: «ЖАБАЙЫ САУДА ЗАҢСЫЗ ӘРІ ҚАУІПТІ»
Бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов Орталық қырғы базардағы соңғы уақытта үлкен мәселеге айналған ретсіз сауда орындарын аралады.
Ерлан Қуанышұлы сатушыларға жаяу жүргіншілерге арналған жолда тұрмауын және базар басшылығы тегін орынмен қамтамасыз ететінін жеткізді.
«Біз — мегаполис қаламыз. Келер жылы шаһарымыз ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отыр. Сол себептен де қаладағы ретсіз, жабайы сауда орындары жойылуы тиіс. Бұл, біріншіден заңсыз, екіншіден басқа тұрғындарға қауіпті. Аталған аумақтағы кептеліс те осының салдарынан болуда», — деді Ерлан Қуанышұлы.
Кездесуде базар әкімшілігі сауда иелерінің сұранысын қанағаттандыру мақсатында 2 айға дейін сауда нүктелері үшін бірде бір төлем алмайтындарын жеткізді.
«Барлығы да халық үшін жасалуда. Өркениетті елде тұрып мұндай әрекет жасауды тоқтатуымыз керек. Біз шаһар көркіне көлеңке түсірмей, тазалықты сақтап, қауіпсіздікті мейлінше күшейтуіміз тиіс», — деді Е.Айтаханов.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімі жол жағасында жаймасын жайып, заңсыз сауданы қыздырғандарды дер кезінде реттеуді аудан әкімдігі мен тиісті сала басшыларына қатаң тапсырды.
Айта кетейік, алдағы уақытта Орталық қырғы базар алдында абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі