ШЫМКЕНТТЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК АУРУЫН ЕРТЕ САТЫСЫНДА АНЫҚТАЙТЫН «ПЭТ» ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ
ШЫМКЕНТТЕ ҚАТЕРЛІ ІСІК АУРУЫН ЕРТЕ САТЫСЫНДА АНЫҚТАЙТЫН «ПЭТ» ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ
Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласының жұрты енді сапалы ем іздеп Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына барып сабылмайтын болды. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар бұдан былай диагностикалық тексеруден өту үшін онкологиялық орталықтағы «ПЭТ» орталығының қызметіне жүгіне алады. Жаңа тексеру орталығының жұмысын іске асыру үшін бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов түрік компаниясымен келіссөз жүргізіп, екі жақты меморандумға қол қойды.
Мемарандум аясында түрік инвесторлары қалалық онкологиялық орталыққа соңғы үлгідегі (ПЭТ) заманауи позитронды -эмиссионды томография және циклотрон қондырғысын орнатады. Циклотрон аппараты науқастарға қажетті радиофармпрепараттарды дайындау мақсатында орнатылуда. Жалпы жоба құны 2,7 млрд. теңгені құрайды.
Бұл құрал жабдықты орнату арқылы жылына орташа есеппен 10 мың адамнан онкологиялық аурулардың таралуын ерте сатысында анықтап, өлім-жітім көрсеткішін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, түрік компаниясының жобасы бойынша мемлекеттік бюджет есебінен қосымша қаржы бөлінбейді. Инвестор өз қаражаты есебінен жабдықтарды сатып алып, нысанды жалға алу арқылы халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін болады.
Қатерлі ісік ауруы ерте сатысында анықталған жағдайда сауығып кету мүмкіндігі мол болады. Ал, «ПЭТ» құрал жабдығы – қатерлі дерт анықталған жағдайда асқындырмай, емді ерте бастауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнге дейін диагностикадан өту үшін науқастар 2-3 ай уақытқа дейін кезек күтіп, Нұр-сұлтан, Алматы қалаларына баруына тура келетін. Ал, ПЭТ/КТ құрал жабдығын орналастырғаннан кейін диагностиканы қажет ететін пациенттер өзге қалаға сабылмай-ақ Шымкент қаласындағы онколиялық орталыққа барып, қажетті тексеруден өте алады. ПЭТ құрал жабдық бір күнде 30-ға дейін адамды қабылдай алады.
Шымкент қаласындағы онкологиялық орталығында науқастардың 100 пайызы зерттеудің бұл түрін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде тегін өтеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі