Ішкі нарықтардың жұмыс істеу мәселелері, кедендік және техникалық реттеу, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі ЕЭК Кеңесінде талқыланды
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов Ереван қаласында (Армения Республикасы) өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
ЕЭК Кеңесінің мүшелері ішкі нарықтардың жұмыс істеуі, халықаралық ынтымақтастық, кедендік және техникалық реттеу, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі, санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану мәселелерін талқылады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның тауарлар мен қызметтердің бірыңғай нарығын құруға кедергі келтіретін ЕАЭО ішкі нарығындағы шектеулер мен кедергілерді жою бойынша жұмыстардың барысы туралы ақпараты тыңдалды.
ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде ЕАЭО және ЕЭК мүше мемлекеттердің құзыреттілік орталықтарының өзара іс-қимыл тәртібі мақұлданды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді, оны биыл 25 қазанда Мәскеу қаласында өткізу жоспарланып отыр.
ЕЭК кеңесі орта мерзімді перспективаға ЕАЭО негізгі серіктестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолдарын анықтайтын құжатты дайындауды тапсырды.
Шикізат пен қосалқы бөлшектердің жекелеген түрлеріне импорттық кеден бажын уақытша төмендету бойынша бірқатар шешімдер қабылданды.