Сарбаздар тілсіз жаудың алдын алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері өз міндеттерін орындай жүріп, тілсіз жаудың алдын алды. Жас сарбаздар қырағылығының арқасында, қала ортасында орын алуы мүмкін алапат өрт алдын ала ауыздақталды.
4-ротаның қатардағы мерген маманы әрі әскери жасақ бастығы Александр Артищев пен қатардағы атқыш Марғұлан Бектұрсын және қатардағы атқыш сарбаз Айжол Қамақов кеше кешкісін Шымкент қаласының қоғамдық тәртібін қадағалау қызметіне кіріскен болатын. Олар өздеріне бекітілген 38/2 бағыт бойынша келе жатып, жол жиегіндегі ағаштар арасынан көк түтін бықсып жатқанын байқайды. Радиобайланыс арқылы жедел түрде әскери жасақ бастығы – 4-ротаның 3-взвод командирі аға лейтенант Ердәулет Керімбековке хабарласып, жағдайды баяндайды.
Командир Е.Керімбековтің баяндауымен оқиға орнына №2 өрт сөндіру бөлімінің командирі старшина Нұрғали Нұрышов пен Еңбекші аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты А.Жарқынбай да келіп, өздеріне тиесілі міндет-мақсаттарын орындады. Алайда, алапат өрттің алдын алып, орасан зор шығынның бетін қайтарған жас сарбаздардың қырағылығы ерекше болды.