А. Райымқұлова азаматтарды қабылдады
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова министрлік ғимаратындағы «Адалдық алаңында» азаматтарды жұмыс және жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Министрмен кездесуге келгендер көтерген мәселе сан алуан.
Мәдениет қайраткері Майра Дәулетбақ шығармашылық кешін өткізіп беру туралы өтінішін жеткізді. Министр Ақтоты Райымқұлова өнер адамының бұл өтініші орындалатынын айтты. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлымен Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Сәбит Барлыбаевқа тиісті тапсырмалар берді.
Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап елде этнотуризмді көтеру мәселесін айтып келген Сарай Бақытқызының өтініші де қанағаттандырылатын болды. Ақтоты Райымқұлова Туризм индустриясы комитеті төрағасының м.а. Гүлзат Жуаспаеваға мәселені жан-жақты қарастырып, шешім қабылдауды тапсырды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тағы да басқа жеке мәселелері бойынша келген азаматтарды тыңдап, қабылдауда айтылған өтініштердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.