ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ОРДАБАСЫ МЕН САЙРАМ АУДАНДАРЫНА ІССАПАРМЕН БАРДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының шаруаларымен кездесті. 20 жылдан астам уақыт егіншілікті кәсіп еткен «Ақ-Орда-Б» ЖШС-і биылдан бастап жылына 2 рет егін жинауды қолға алған. Ерте көктемде Голландиялық картоп егіп пайда көрген кәсіпкер артынша қырыққабат отырғызған. Облыс әкімі бұдан кейін 130 гектар жерде жаңа технологиямен, сусыз қарбыз өсірген мамандардың жұмысымен танысты. Олар алдағы уақытта 40 гектардан жиналған қарбыз дәнін АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отыр. Шетелдіктер дәл осы қарбыздың дәнін косметика индустриясында пайдаланады, дейді шаруалар. Алайда Ө. Шөкеев кәсіп иелеріне еңбекпен келген дүниені ысырап етпей, қарбыздың шырынын өңдеп, қалдықсыз өнім шығаруды қолға алуды тапсырды. Жалпы, Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында 18 бағыт бойынша 46 жобаны іске асыру жоспарланған. Облыс басшысы жұмыс сапары барысында «STANDARD PETROLEUM & CO» ЖШС-нің мұнай-химия зауытында болды. Жаңадан бой көтеріп жатқан комбинаттың жобалаушы компаниясы – Ресейлік «ЭТН-Циклон» ғылыми өндірістік бірлестігі. Зауытта АИ-92 және АИ-95 маркілі бензин, дизель жанармайы, сұйықталған газ бен кокс шығарылатын болады. Жылына 2 миллион тонна шикізат өңдейтін өндіріс орнының құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ облыс басшысы Сайрам ауданында болып жаңадан ашылған «Қарабұлақ» мал базарының жұмысын көрді. Аймақ басшысы базар басшылығына білікті мамандарды жұмысқа тартып, малдан тарайтын жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын қолға алуды тапсырды.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *