Е.АЙТАХАНОВ: «ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚАСБЕТІ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК»
Е.АЙТАХАНОВ: «ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚАСБЕТІ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК»
Бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов Шымкентте салынып жатқан бірнеше құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен әкімшілік іскерлік орталығындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан шаһар басшысы мердігер мекеменің басшысына жұмысты жандандырып, нысанды мерзімде аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін де тез әрі оңтайлы шешуді тапсырды.
Одан соң Ерлан Қуанышұлы С.Бәйтереков көшесінде орналасқан «Tamerlan Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына барды. Аталмыш нысанның тапсырысшысы болып табылатын «BI Group» ЖШС-сі құрылысты келесі жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнда 16 және 12 қабатты 7 тұрғын үй бой көтеретін болады.
Бұдан әрі қала әкімі «Ақжайық» және «Көкжайлау» тұрғын үй кешендерінің құрылысын өз көзімен барып көрді. Аталмыш нысандарды салып жатқан мердігер мекемелердің өкілдерімен кездескен Е.Айтаханов тұрғын үйлердің қасбетіне баса көңіл аударып, қаланың көркін ашатындай етіп салуды баса айтты.
Өз кезегінде «Тұран» ықшам ауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысына барған қала басшысы мұндағы шешілмей жатқан түйткілді коммуналдық мәселелермен қатар, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалауы керектігін қадап айтты.
Сонымен қатар, Ерлан Айтаханов аталмыш тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан барлық мердігерлерге бірнеше сын-ескертпелер жасады. «Мұндай тұрғын үйлерді саларда ең алдымен инфрақұрылым мәселесін шешкен жөн. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар болуы шарт. Салынып жатқан тұрғын үйлердің қасбеті заман талаптарына сай әрі әсем болуы керек. Шымкент – мегаполис қала. Демек, біз жаңаша ойлап, қаламыздың көркеюіне баршамыз ат салысуымыз қажет» деді Е.Айтаханов.
Аралауды қорытындылай келе, Ерлан Қуанышұлы жауапты сала басшыларына архитектуралық қала құрылысы кеңесінде жоғарыда аталған барлық мәселелерді көтеріп, тиісті шешім шығаруды тапсырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй құрылысына жалпы мемлекет тарапынан 34,6 млрд.теңге (құрылыс басқармасы — 20,3 млрд.тг; “SHYMKENT” ӘКК” АҚ — 10 млрд.тг; Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жастарға жалдамалы пәтерді сатып алуы үшін — 4,3 млрд.тг.) жұмылдырылған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.